Облыстың белсенді жастары, дарынды оқушылары мен жас ұстаздардың озық идеялары талқыланды
Облыстың дарынды балалары, студенттері және жас мамандар бас қосты. Шығармашыл жастармен кездесуді Білім басқармасының басшысы қолдап, ойлары мен ұсыныстарын тыңдады.
Жиынға халықаралық, республикалық ғылыми жобалар мен шығармашылық конкурстардың жүлдегерлері жиналды. 50-ге жуық мектеп оқушылары, 100-ден аса колледж студенттері мен жас ұстаздар қатысты. Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтіп, жастар еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Ашық диалог алаңында қатысушылар жаңашыл идеяларын және бизнес-жоспарларын таныстырды.
Экологиядан технологияға дейінгі өмірдің түрлі салаларын қамтитын бірқатар инновациялық жобалар, білім беру жүйесін дамытуға, инфраструктураны нығайтуға, сондай-ақ мәдени іс-шараларға бағытталған жұмыстар да көрсетілді.
Солардың біразы қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін мобильді қосымша құру, этноауыл жобасын жүзеге асыратын түрлі ұлттық нақыштағы идеялар болды, ал екіншісі оқушылардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттыру үшін мектептерде робототехниканы дамыту болса, жас мамандар облыста ботаникалық бақ жасауға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Жастар өңірдің жан-жақты дамып, көркеюіне өз үлестерін қосуға дайын екендерін айтты. Сонымен қатар, басқарма басшысы талантты жастарды қолдауға және олардың инновациялық идеяларын жүзеге асыру үшін қажетті көмек пен ресурстар ұсынылатынын жеткізді.
Облыс колледждерінің студенттерімен білім беруді дамытудың әртүрлі аспектілері талқыланды. Жастар өмір сүру ортаны барлық тұрғын үшін жайлы, инновациялық және қолжетімді етуде өз жаңашыл көзқарастарын да ортаға салды. Сондай-ақ алдағы уақытта осындай ауқымды деңгейдегі жарыстарға дайындықты жақсарту үшін құнды идеялар мен ұсыныстарын айтты.
Жиында Alikhan Bokeikhan UniversityЖастармен ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс департаментінің басшысы Диас Смағұлов та қатысты. Оның айтуынша, мамыр айында жастар арасында «ABU Startup Weekend» байқауын өткізу жоспарланып отыр. Жастардың әлеуметтік маңызды бизнес-бастамаларын қолдауға бағытталған байқау қаладағы урбанистика, экология саласындағы проблемаларды шешуге, өмір сапасы стандарттарын жетілдіруге және т. б.бағытталған.
Айта кетейік, облыста талантты жастарға үнемі қолдау көрсетіліп, кездесу жиі өткізіледі. Өңірде ғылымды, IT бағыт, білім мен мәдениетті нығайтуға бағытталған елеулі жұмыстар атқарылып жатыр. Болашақта Оқушылар сарайы, Конгресс-холл, заманауи мектептер салынады.