«Халық қаһарманы» - Әбдіғали Қаймолдин
1921 жылы 30 маусымда Семей облысының Абыралы ауылында дүниеге келген.
Әбдіғали Қаймолдин соғыстың алғашқы жылы-ақ майданға аттанған. Ол танкке қарсы артиллерияда зеңбірекші, оқтаушы, кейіннен командир болған. Маршал А.М. Василевскийдің басшылығымен 1-ші Украина, 3-ші Беларусь, Балтық жағалауы майдандары мен Харьковті азат ету соғысына қатысқан. Кейіннен майдан шебіндегі ең қиын жерлерге жіберілетін артиллерия дивизиясында қызмет еткен.
1947 жылы құпия нысанды қорғау үшін Семей ядролық сынақ полигонына шақырылды. Әскери қызмет аяқталысымен партия және мемлекеттік органдарда жұмыс жасаған.
Алдымен Семей облыстық КОКП комитетінде, кейін Жаңасемей және Новопокровка аудандық атқару комитеттерінде еңбек етті. 1977-1982 жылдары «Түрксіб» совхозының партком хатшысы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты.
Жауынгерлік еңбегі үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және «1941-1945 жж ҰОС Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.