Сенаторлар цифрландыру және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Қызылорда облысынан сайланған Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов ант берді. Сондай-ақ ол Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды. Айта кетейік, Наурызбай Байқадамов бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Ақмарал Әзназарованың орнына сайланды.
Бұдан бөлек, өзінің өтінішіне байланысты сенатор Амангелді Нұғманов Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды.
Сенат отырысында депутаттар «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Аталған Хаттама Қытай Халық Республикасына мұнай тасымалдау мәселесі бойынша екі ел арасында жасалған келісім нормаларын өзектендіруге арналған. Нақты айтқанда, тасымалданатын мұнайдың көлемі және транзиттің тарифтері мен мерзімдері қайта қаралды. Енгізілген өзгерістер елдің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Сонымен қатар сенаторлар депутаттардың бастамашы болуымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.
Заң операторлардың байланыс инфрақұрылымына, оның ішінде әкімшілік ғимараттарға, талшықты-оптикалық байланыс желілерін және ұялы байланыс құралдарын орналастыруға арналған өндірістік нысандарға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, желілер мен коммуникациялық нысандарды салу үшін қоғамдық сервитуттар белгіленеді. Мұндай қадам магистральдар бойындағы байланыс қызметтерін сапалы көрсетуді қамтамасыз етеді және байланыс операторларына инфрақұрылымдық шығындарды азайтуға, сондай-ақ, оларды саланы дамытуға қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.
Несиелік бюро арқылы банктік несие немесе микронесие алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу немесе жою мүмкіндігі – заңда қарастырылған тағы бір маңызды өзгеріс екенін атап өткен жөн.
Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Андрей Лукин әкімдіктер тарапынан өңірлерді су тасқынынан, жаңбырдан және еріген қар суынан инженерлік қорғау шаралары тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтты. Осыған орай сенатор алдағы уақытта мұндай төтенше жағдайлардың алдын алып, уақтылы еңсеруге септігін тигізетін шараларды атап өтті.
Шәкәрім Бұқтұғұтов геологиялық барлау саласын толықтай өзгерту үшін саланы қаржыландыруды арттыру қажет деп есептейді. Сенатор ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру саласындағы міндеттемелер шеңберінде бөлінген қаражаттың 50 пайызын жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау ісіне пайдалануды ұсынды.
Жанболат Жөргенбаев Бартоғай су қоймасының, Үлкен Алматы, Күрті, Қорам және Киікпай каналдарының әбден тозығы жеткеніне назар аударды. Сондай-ақ ол су ресурстарын басқару саласындағы, оның ішінде жаңа Су кодексі аясындағы мәселелерді шешуге арналған бірқатар шараны ұсынды.