Ақсуат ауданының әкімдігінде аппарат мәжілісі өтті
Аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының төрағалық етуімен аппарат мәжілісі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібі бойынша аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Б.Сербатыров «Ауылшаруашылық мақсатында берілетін несиелер, бизнес жобалар, лизингпен алынатын ауылшаруашылық техникалары» туралы хабарлама жасады.
2022 жылы барлық қаржылық көздерден 111 жоба бойынша 1 млрд.358 млн. теңге көлемінде несиелер алынды. Оған 1001 бас ірі қара, 4133 бас қой, 529 бас жылқы және 11 трактор, 19 бірлік ауылшаруашылық техникасының қосалқы жабдықтары сатып алынса, 18 жобаның несиелері кәсіпкерлік саласы бойынша тауар айналымына алынды. Бүгінгі таңда ауданда «Агробизнес», «Іскер», «Шағын және орта бизнесті дамыту», «Лизинг» бағдарламалары арқылы жобаларды іске асыру жалғасуда.
Келесіде аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ғ.Нұғиев «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасымен атқарылған жұмыстарды, биылғы жылға қойылған жоспар-тапсырмаларды» баяндап өтті.
2022 жылы «Қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» мақсатында облыстық бюджеттен ауданда 85 азаматқа 21 млн. 455 мың теңге қаржы бөлінді. Олар аспаз, электргазбен дәнекерлеуші, оператор ЭВМ, кондитер, ауылшаруашылық техникаларын реттеуші, мал дәрігері, модельер пісіруші, тас қалаушы, В,С категориялы көлік жүргізуші, шаштараз, визажист, маникюр шебері, тігінші мамандықтарын игеріп шықты, 80%-дан астамы жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар, ааудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, сәулет құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Серікбек Смағұлов "2023 жылға инвестициялық жобалардың әзірлігі" туралы хабарлама жасады.
Жиын қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.