Абай облысында шағын футболдан турнир өтті
Спорттық шара «ABAI MEDIA WEEK 2024» журналистер форумы аясында Абай облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында ұйымдастырылды.
Жарысқа «018.KZ - ABAIAQPARAT», «SEMEI TV», «ТВК - 6», «Менталист» және «Көкпекті», «Өскемен» командалары қатысты.
Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы А. Садырбаев пен Абай облысы әкімінің кеңесшісі А. Қасым жарысқа қатысушы БАҚ өкілдерін келе жатқан мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, футзалдан 2023-24 жылғы маусымдағы Қазақстан чемпионы «Семей» ФК ойыншылары Рауан Атантаев пен Ринат Төреғазин ойын қатысушыларына жылы лебіздерін білдірді.
Тартысқа толы ойын нәтижесі бойынша «Өскемен» командасының ойыншысы Жангелді Сайндолдаға «Үздік қақпашы» аталымы, «018.KZ - ABAI AQPARAT» командасының ойыншысы Ерасыл Оспановқа «Үздік ойыншы» аталымы берілді.
Турнирдің бас жүлдесін «Өскемен» командасы иеленіп, оларға 250 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы мен арнайы кубок табыс етілді.
Екінші орын 150 мың теңге ақшалай сыйақы және арнайы кубок «Көкпекті» командасына, үшінші орын 100 мың теңге ақшалай сыйақы мен кубок «Менталист» командасына бұйырды.
Ойын барысында «Abay Media Group» ЖШС ұйымдастыруымен демеушілер тарапынан сусындар мен ыстық тағамдар ұсынылды.