Аягөз ауданында Сарыарқа ауылдық округінің 60 жылдық мерейтойы атап өтілді
Балта-Тарақ тауының етегінде орын тепкен құйқалы қоныстың терең тарихы мен тағылымды жарқын жолы 1964 жылы бастау алды. Айтар сыры мол, ұлы даладан ойып алар орны бар Сарыарқа жерінің 60 жылдық мерейтойы атап өтілді.
Аягөз ауданының әкімі Қанат Әділбай құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Кайырбаев Тоқтағазы бата берді. Ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар облыс, аудан әкімі алғыс хаттарымен, «Аягөздің алтын анасы», «Аягөз мақтанышы» төсбелгілерімен марапатталды.
Мерейтойдың көрігін аудандық «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мәдениет үйінің қызметкерлерінің әуелеген әсем әні, күмбірлеген қоңыр күйі кіргізді. Той үстінде Сарыарқа ауылдық округінің 60 жылдығына арналған өлең оқылып, ән айтылды. Мерейтой аясында Сарыарқа ауылының өмірден өткен азаматтарын еске алу мақсатында қатым түсірілді. Ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстар мерекелік іс-шаралардың қызығын еселеді. «Сарыарқа барысы», гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тартыс, қой көтеру сынды жарыстарын қамтыды.
Сонымен қатар, «Сарыарқа ауылдық округінің 60 жылдығына тарихқа шолу» атты ғылыми конференциясы өтті. Конференция кезінде Сарыарқаның 60 жылдығына тарихына шолу жасалып, Сарыарқа ауылының құрметті азаматтары марапатталды.
Сарыарқа ауылдық округінің 60 жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт ұйымдастырылып, көңілді кеш соңы бимен жалғасын тапты.