Астанада Абай облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтуде
Астанада Абай облысының тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жәрмеңкеге Семей қаласы, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Ақсуат, Үржар және Жаңасемей ауданының тауар өндірушілері қатысады. Шаруалар жәрмеңкеге 230 тоннадан астам өнімдерді нарық бағасынан төмен бағамен әкелді.
Жәрмеңке сөресіне ет, күріш, балық, көкөністер мен жемістер, өсімдік майы, сүт өнімдері, бал, қымыз, шұжық, бақша өнімдері, ас тұзы, сондай-ақ сүт және кондитерлік өнімдер қойылды.
Өңіріміздің ауылшаруашылық өнімдері үлкен сұранысқа ие және сапасы жоғары. Өндірушілер ассортиментінде ет және сүт өнімдерінің, кондитерлік өнімдердің, балдың және ұлттық тағамдардың 20-дан астам түрі бар.
Жәрмеңке барысында елорда тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны тамашалай алады. Жәрмеңке сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, 1-Қарқаралы тас жолы бойында өтіп жатыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін жәрмеңкеге №18, 37, 303 және 323 бағыттағы автобустар қатынайды.