Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Көкпекті ауданының әкімі ардагерлердің ақ батасын алды

8-08-2024, 14:37 Думан Кенжеғазыұлы

8 тамыз күні кітапхана ғимаратында аудан әкімі Әділет Қожанбаев ауданның қазыналы қарттарымен кездесті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев бастаған ақсақалдар мен ауылдық округтерден келген қариялар аудан әкімін жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ еркін форматта өткен кездесу барысында қариялар аудан көлемінде қордаланған бірқатар мәселелерді Әділет Нұрсағатұлының назарына ұсынды. Өз кезегінде аудан басшысы ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерімен алдағы уақытта да жиі кездесіп отыратынын жеткізді. Еркін пікір алысқан кездесуде Сайдрақим Файзуллин, Қайдар Асқарұлы, Калибек Дюсенбекұлы сынды қазыналы қарттар кезекпен сөз алып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойды, өтініш-тілектерін жеткізді.

Көкпекті ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайдрақим Файзуллин Көкпекті ауылындағы таза ауыз сумен қамтамасыз ету және су құбыры желісінің мәселесі төңірегінде сөз қозғады. «Көкпекті» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынының бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Сатып алынған техникалар қазіргі уақытта жұмысқа жарамсыз. Сонымен қатар канализация жүргізу жұмыстары жақсы басталып, аяқталмай қалғанына наразы екенін жеткізді.

Аудан әкімі бұл сұрақтар бойынша түсініктеме берді. – Бүгін ғана «Көкпекті» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны қызметкерлерімен кездесу өтті. Бірінші кезекте еңбекақыларын алмаған қызметкерлердің қарыздарын жабу бағытында жүйелі жұмыс жасалады. Коммуналды шаруашылықтың жағдайымен жақсы таныспын. Шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Міндетті түрде мәселе оң шешімін табады. Бұл бағытта үлкен жұмыс күтіп тұр, - деді Әділет Нұрсағатұлы.

Биғаш ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанабек Көпесов ақсақал бірқатар түйінді мәселелерді ортаға салды. Көктемгі су тасқынының салдары мен шешу жолдарына да тоқталды. Көкпекті-Биғаш автокөлік жолын жөндеу жұмыстары да тілге тиек етілді. Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Әділет Қожанбаев толық жауап беріп, бұл мәселелерді шешуге бағытталған жоспарларымен де таныстырды.

Теректі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Калибек Дюсенбекұлы ауылда интернеттің жоғына қапалы. Сонымен қатар ауыл көшелеріне асфальт төселгенде Қасым Аманжолов көшесі қамтылмай қалғанын айтты. Бұл мәселе аудан басшысының бақылауына алынды.

Аудан басшысы Әділет Нұрсағатұлы кездесуді қорытындылай келе ардагерлердің жүрекжарды лебізі мен жылы сөздеріне рахметін айтып, алтын уақытын бөліп келген қарияларға ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Көкпекті ауданы ардагерлер кеңесінің есебінде 2289 зейнеткер бар, оның ішінде 1941 адам бастауыш ардагерлер ұйымының құрамында. Бастауыш ардагерлер ұйымының санына кірмейтіндер саны – 348 адам. Жалғыз басты қарттардың саны – 104 адам. Олардың барлығына әлеуметтік қамсыздандыру органдары қызмет көрсетеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив