«Ауылдарға ерекше көңіл бөлінуде»: аймақ басшысы жұмыс сапарымен Ақсуат ауданына барды
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Ақсуат ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар инфрақұрылым нысандарын аралады. Ауданда мәдениет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осыған орай облыс әкімі бірнеше нысандардың құрылыс барысын тексеріп, аудан әкімдігіне тиісті тапсырмалар берді.
Алдымен Сәтбаев пен Көктүбек ауылдары арасындағы тас жолының аяқталған құрылысымен танысты. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында екі ауыл арасындағы ұзындығы 9 шақырым учаскеге орташа жөндеу, ал Сәтбаев ауылында ұзындығы 1,4 шақырым болатын жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Мердігер – «СК Зайсан» ЖШС.
Аймақ басшысымен жүздескен жергілікті қоғамдастық төрағасы Бағлан Қабышев соңғы бір жылдың ішінде Сәтбаев және Көктүбек ауылдарына қомақты қаржылай қолдау көрсетілгенін атап өтті.
Сапар аясында әкім Екпін ауылындағы Мәдениет үйіне барды. Ғимарат 150 адамға арналған. 10 адам тұрақты жұмыс істейді. Мәдениет үйінде кітапхана, би залы, ақсақалдар кеңесі мүшелеріне, киім ауыстыруға арналған бөлмелер бар.Көрермендерге фильм көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінде Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының кездесулері, іс-шаралар өткізілетін маңызды орынға айналды.
Аймақ басшысы сондай-ақ, Ақсуат ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің құрылысын да тексерді. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарын «Альтаир - СК7» ЖШС жүргізуде.