Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Салықтық емес төлемдер жоспардан 6 есе асып, 921 млрд теңгені құрады

16-10-2024, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев 2024 жылдың 9 айындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындыларын ұсынды. Оның айтуынша, мемлекеттік бюджетке түскен кірістер көлемі 14 трлн 967 млрд теңгені құрады немесе жоспар 93,2%-ға орындалған. 

«Оның ішінде республикалық бюджеттің түсім көлемі 9 трлн 074 млрд теңгені құрап, жоспар 83,1%-ға орындалды. Жоспардың орындалмау себептерінің бірі – салықтар бойынша түсімдердің 76%-ға төмендеуіне байланысты болып отыр. Өткен жылмен салыстырсақ, салықтардың жалпы деңгейі сақталуда», — деп мәлімдеді Мәди Такиев. 

Кірістер бойынша, жоспарлы көрсеткіштердің дұрыс атқарылмауына келесі негізгі факторлар әсер етті:

Біріншіден. Мұнай өндіру көлемі 5,3 млн тоннаға қысқарды.

Екіншіден. Әлемдік экономиканың баяулауы мен геосаяси жағдайлар сыртқы сауда қызметіне, және елдің ірі компанияларының жеткізу тізбегінің үзіліп қалуына әсер етті. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында импорт көлемі 8,3%-ға, оның ішінде ҚХР-ға 6,5%-ға, Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен 4%-ға төмендеді. Бұдан басқа, негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеу үрдісі де сақталуда. Нәтижесінде, түсімдер қарқынының төмендеуі өңдеу өнеркәсібі салаларында 34%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 6% ға және ақпарат пен байланыс саласында шамамен 36% -ға жетті.

Үшіншіден. Өткен жылмен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтару көлемі 3 есе ұлғайды. Бұл өз кезегінде бизнесті айналым қаражатымен қамтамасыз етті. Соған қарамастан, атқарылмаған салық түсімдері, салықтық емес төлемдердің өсуімен өтелді.

«Мәселен, аталған төлемдер бойынша есепті кезеңде 148 млрд теңге жоспар/ланған болса, іс жүзінде 921 млрд теңгені құрады. Жоспардың асыра орындалуы 684 млрд теңге сомасына республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтер түсу есебінен қамтамасыз етілді. Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бойынша жоспарланған 1,7 млрд теңгеден бюджетке 5,1 млрд теңге түсті», — деді министр.

Қаржы министрі келтірген дерекке сүйенсек, әкімшілендіруді цифрландыру саласында қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде, биылғы 9 айдағы салықтық және кедендік әкімшілендіру шеңберіндегі қосымша түсімдер, 794 млрд теңгені құраған.

«Республикалық бюджетке трансферттер түсімдері 4,5 трлн теңгені, оның ішінде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі – 2 трлн теңге құрады. Нысаналы трансферт 2 трлн теңге сомасында тартылды», — деді ол. 

Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 115%-ға атқарылып, 5 трлн 894 млрд теңгеге жетті. Жалпы жоспар 765 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 678 млрд теңгеге асыра орындалды.

Кірістер бойынша да, барлық өңірлерде жоспар артығымен іске асты. Өткен жылмен салыстырғанда 127%-ға өсіп, 1 трлн 242 млрд теңгені құрады. Мұндай кірістердің өсуі, сыртқы факторларға тәуелсіз, тұрақты салықтарды жергілікті бюджеттерге бекітумен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, олардың қаржылық дербестігін кеңейтуге және өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,6%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 95,5%-ға жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,4%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша шығыстар көлемі 16,7 трлн теңгені құрады.

«Атап өту керек, мұнда әлеуметтік бағыттың басымдығы сақталып қалды. Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерді орындады. Мәселен, 4 трлн теңге – зейнетақы мен жәрдемақыға, 4 трлн теңге – өңірлерге субвенцияларға, 1,3 трлн теңге – Міндетті медициналық сақтандыру қорына нысаналы жарна түрінде бағытталды», — деп мәлімдеді министр.

Бұл тұрғыда жергілікті бюджеттер шығыстарының көлемі 10,1 трлн теңгені құраған. 5 трлн 182 млрд теңге көлеміндегі қаржының негізгі үлесі, әлеуметтік салаға бағытталды, яғни 51,2%-ға орындалды.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы шығыстарының көлемі – 1 трлн 380 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы бойынша – 602 млрд теңгені және көлік және коммуникация саласының шығыстары – 918 млрд теңгені құрады.

«Бюджетті атқарудың маңызды бөлігінің бірі – мемлекеттік сатып алу болып саналады. Бүгінгі күні веб-порталда 120 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, мемлекеттік сатып алу көлемі 7,8 трлн теңгеге жетті. Өткен есепті кезеңде, мемлекеттік сатып алудан үнемдеу есебінен бюджет қаражатын оңтайландыру 813 млрд теңгені құрады», — деп атап өтті М. Такиев.

Бұдан басқа, 6,7 трлн теңге бюджет қаражатына 1 204 аудиторлық іс-шара өткізілді. 260 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталған. 214 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылықтар жойылды.

Шарттарды тікелей жасасу арқылы, бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесін жүйелі түрде төмендету бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2017-2024 жылдар аралығында мұндай сатып алулардың үлесі 64%-дан 23%-ға дейін қысқарды.

«Жалпы есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай. Министрлік бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді, және квазимемлекеттік сектор субъектілерін тиімді басқару мен пайдалануды, оның ішінде енгізілген цифрлық құралдарды кеңейту арқылы жұмысты жалғастыратын болады», — деп түйіндеді қаржы министрі Мәди Такиев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив