Экономиканың өсуі, бизнесті ынталандыру және мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру: Үкімет Президент Жолдауын қалай жүзеге асыруда
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикалық дамудың ағымдағы тенденциялары және биылғы 9 айдағы қаржы-экономикалық блок қызметінің қорытындылары және Президент Жолдауының жүзеге асырылуы туралы айтып берді.
Оның айтуынша, экономиканың 4% өсуіне толықтай мұнайдан тыс сектордың дамуы есебінен қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде жаңа кәсіпорындарды енгізу арқылы жақсы серпін көрсетуде. Биыл 180 жаңа жоба іске қосылады, оның 56-сы қазірдің өзінде өндірісін бастады.
«Экономиканың түрлі секторының өсуін ынталандыру жөнінде айтарлықтай шараларды қабылдап жатырмыз. Мемлекет басшысының төрт ауқымды инфрақұрылымдық бастамасын іске асыру мақсатында, яғни газдандыру, жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй, жол құрылысы, ТКШ-ны жаңғыртуға экономикаға 2 трлн теңгеден астам қаражат бағытталды», — деді Нұрлан Байбазаров.
Ауыл шаруашылығына қомақты қаражат жұмсалды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтумен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредит беру бағдарламалары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобалар іске қосылды. Осы шаралардың барлығы 11,4% жоғары өсу қарқынына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Құрылыс жобаларын жеңілдікпен қаржыландыру және заманауи сауда форматын кеңейту бойынша бағдарлама іске қосылды.
Экономиканың тұрақты инфрақұрылымдық негізін құруға бағытталған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар қабылданды. Жоспар шамамен 40 трлн теңге сомасына энергетикалық, көліктік, цифрлық және су инфрақұрылымының 204 жобасын іске асыруды қамтиды. Бюджеттен тыс қаражат тартылады.
«Жұмысымыздың маңызды бағыты – инвестицияны ынталандыру. Жаңа инвестициялық циклді іске қосу әрі міндеттерді орындау үшін 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы өзектендірілді. Оның басты мақсаты – кемінде $150 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту және негізгі капиталға инвестицияны жалпы ішкі өнімнің 23%-ына дейін арттыру», — деді вице-премьер.
Нұрлан Байбазаров Қатар мемлекетімен жақында ратификацияланған үкіметаралық келісім туралы еске салды. Өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларға шамамен $20 млрд инвестиция тарта отырып, 9 жобаны іске асыру жоспарлануда. Биылғы жылы Ислам банкі тобының қаржы институттары мен Парсы шығанағы инвестициялық қорлары Қазақстанға инвестор ретінде қызығушылық танытып отыр. Жақын арада су жобаларын жүзеге асыру үшін Ислам даму банкімен құны $1 млрд-тан асатын қаржыландыру келісіміне қол қойылады деп күтілуде. Қазақстанда су ресурстарын басқару, көлік инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, денсаулық сақтау, мұнай-газ, сондай-ақ білім беру сынды секторларда $7 млрд-тан астам сомаға 30-ға жуық жобаны қаржыландыруға алдын ала ниет білдірді.
«Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс жандандырылды. Жалпы құны шамамен $9,5 млрд болатын жасыл инфрақұрылым, өңдеуші өнеркәсіп және басқа да салаларға қатысты жобалар қаралып жатыр», — деді ұлттық экономика министрі.
9 қыркүйекте Moody's Қазақстанның кредиттік рейтингін тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары деңгейге көтерді. Алынған рейтинг 2015 жылдан бері алғаш рет $1,5 млрд тарту көлемімен еурооблигациялардың сыртқы нарыққа сәтті шығуына ықпал етті.
Бизнес үшін жағдайды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Бизнес жүргізу мәселелері бойынша заң қабылданды, ол заңға бағынатын кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды төмендетеді және тексерулер санын 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін қысқартады. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама қабылданды.
«Оның аясында өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудара отырып, ең тиімді жобаларға қолдау көрсетіледі. Субсидиялау шарттары оңтайландырылды, кепілдік беру, синдикатталған қаржыландыру және облигациялық қарыздар сияқты құралдар бойынша мүмкіндіктер кеңейтілді. Жаңартылған бағдарламаның қолданылу мерзімінің 9 айында субсидиялар мен кепілдіктер түріндегі қолдау шараларымен 18 мыңға жуық бизнес жобасы қамтылды», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.
Өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мен шағын және моноқалаларды дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасуда. 500-ден астам ауылдық елді мекенде 1400-ге жуық инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда.
«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде 2024 жылы кредит мерзімі 15 жылға дейін және жылдық 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 30,0 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа жас мамандар үшін 3,6 мың несие беру жоспарлануда.
Бұған қоса, Үкімет қаржылық шаралармен қатар экономикада құрылымдық реформаларды жүргізуде. Мемлекет басшысы қол қойған экономиканы ырықтандыру туралы Жарлықты жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Үкімет 2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізді.
Мемлекеттің қатысуымен субъектілерді бәсекелестік ортаға беру жалғасуда. Жыл соңына дейін жекешелендіруге ұсынылатын компаниялар пулы құрылып, 2028 жылдың соңына дейін оларды жекешелендіру процесі аяқталады.
Электрмен жабдықтау саласында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап реттелмейтін ЭЖҰ лицензиялары тоқтатылды және өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Нәтижесінде еліміздің 12 өңірінде ШОБ субъектілері үшін тарифтің төмендеуі орта есеппен 9,8%-ды құрады.
Үкімет мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтердің сатып алуы арқылы отандық тауар өндірушілерді ынталандыру саясатын жүргізуде. Сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және бәсекелестікті дамытуға бағытталған Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң қабылданды.
«Үкіметтің маңызды міндеті – мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру. Расымен де республикалық бюджет кірістері бойынша болжамдарымыздың орындалмауына тап болдық. Бұған қоса, жергілікті бюджеттердің тұрақты асыра орындалуын байқап отырмыз. Тұрақты салықтар – жергілікті бюджеттер үшін, неғұрлым құбылмалы, орталықтан КТС, ҚҚС сынды тыс сыртқы факторларға байланысты. Бұл теңгерімсіздікті жою үшін Үкімет түрлі механизмдерді әзірлеуде», — деп атап өтті вице-премьер.
Бұл жергілікті бюджеттердің борыштық міндеттемелерін: республикалық бюджетке берілген бюджеттік кредиттерді, МЖӘ міндеттемелерін немесе борыштық бағалы қағаздарды мерзімінен бұрын өтеу есебінен бюджеттердің артығымен орындалуын пайдалану.
Нұрлан Байбазаров Ұлттық қор өзінің тұрақтандыру функциясын орындап отырғанын атап өтті. Үкімет алып қою көлемін азайту үшін шаралар қабылдауда. Бюджет шығыстарына және Ұлттық қордан түсетін трансферттерге қатысты бюджеттік ережелер қолданылуда. Кепілдендірілген трансферттің көлемі жыл сайын 2 трлн теңгеден аспайтын мөлшерде «кесімдік бағасы» бойынша айқындалады. Алайда мысал ретінде, келесі жылы 277 млрд теңгеге артық пайдалануға болады. Нысаналы трансферт экономикалық қайтарымы бар ұлттық ауқымдағы жобаларға бағытталатын болады. Ол үшін мұндай жобаларды сараптау және Ұлттық қорды басқару кеңесінде бекіту процесі күшейтілді. Мұның барлығы Парламентте талқылаудың соңғы сатысында тұрған жаңа Бюджет кодексінің жобасында нақты жазылған.
Жаңа Салық кодексі әзірленуде. Негізгі өзгеріс – бұл цифрландыру және әкімшілендіруді жақсарту арқылы салық төлеушілерге қызмет көрсету бойынша салық органдарының сервистік тәсілі болып табылады. Сонымен қатар салықтар, төлемдер мен алымдарды азайту ұсынылады. Салық есептілігінің санын 30%-ға қысқарту. Тиімсіз жеңілдіктерді 1,3 трлн теңгеге қысқарту. Қайта өңдеу салалары үшін ынталандыру шараларын күшейту. Барлық ұсынылған шаралар шамамен қосымша 1,8 трлн теңге мемлекеттік бюджетке түсім алып келеді деп күтілуде.
Қаржы-экономикалық блоктың одан әрі жұмысы мен күш-жігері құрылымдық реформаларды жүргізуге, өсудің жаңа нүктелерін іздеуге, инвестицияларды одан әрі тартуға, экономиканы ырықтандыруға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталатын болады.