Қала әкімдігінде қоқыс шығаруға келісімшарт жасау мәселесі қаралды
Бүгін қала әкімдігінде Нұрбол Нұрсағатовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында маңызды мәселелер қаралды. Жиынға бөлім басшылары мен коммуналдық қызметтердің өкілдері қатысып, қаладағы санитарлық жағдайды жақсарту шаралары талқыланды.
Кеңейтілген жиында басты тақырыптардың бірі – қала тұрғындарының тұрмыстық қатты қалдықтарды (ҚТҚ) шығару мәселесі болды. “Семей Тазалық” кәсіпорнының мәліметінше, жыл басынан бері 5406 адаммен қоқыс шығаруға келісімшарт жасалған.( Сол жағалауда - 2825, Оң жағалауда - 2581) Алайда, қоқыс шығаруға келісімшарт жасалмаған жеке сектордағы үйлердің саны 10 000-нан асады.
Қала басшысы Нұрбол Нұрсағатов Жергілікті полиция бөліміне және ЖКХ бөліміне, сондай-ақ қала әкімінің кенттерге жауапты бас инспекторларына тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша келісімшарт жасалмаған үйлерге рейдтер үнемі жүргізуді тапсырды. Осылайша, коммуналдық қызметтердің жұмысын ұйымдастыруды жетілдіру, тұрғындарды келісімшарт жасауға ынталандыру жоспарлануда.
Әкім бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, қоқыс шығаруға келісімшарт жасалмаған жеке сектордағы үйлердің санын азайту керектігін атап өтті. Сонымен қатар, қоқыс полигондарын жою мәселесі де кеңейтілген жиында талқыланып, оған қатысты жоспарлар да қарастырылды.