ҚХР Тачен қаласына сапар: Семей қаласы мен Тачэн қаласы арасында екіжақты келісімге қол қойылды
Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов бастаған делегация мүшелері Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы Тарбағатай аймағындағы Тачэн қаласына іс-сапарпен барды. Делегация құрамында Семей қаласы әкімдігінің қызметкерлерімен қатар, түрлі саладағы жеке кәсіпкерлер де бар.
Кездесу барысында Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов пен Тачэн қаласының мэрінің орынбасары Юй Чэнъи халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достық байланыстарды нығайту, сондай-ақ екі қала арасындағы практикалық алмасу мен ынтымақтастықты дамыту мақсатында екіжақты келісімге қол қойды.
Тараптар өзара қарым-қатынасты нығайту, экономикалық және әлеуметтік салаларда тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Нұрбол Нұрсағатов өз сөзінде екі қала арасындағы әріптестік қатынастарды одан әрі дамыту маңыздылығын атап өтіп, ұсынылған бастамаларға жоғары баға берді.
«Біздің ортақ мақсатымыз — екі тараптың экономикалық мүдделерін жақсарту және өзара ынтымақтастықты қамтамасыз ету. Жиын барысында айтылған ұсыныстардың барлығы орынды және болашағы зор деп санаймын», — деді Нұрбол Нұрсағатов.