Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Қазақ руханиятында айшықты із қалдырған Төлеужар Ибрагимовтың есімі ұлықталды

15-11-2024, 11:18 Сәтжан Қасымжанұлы

Семейдегі Абай музейінде осы рухани қарашаңырақтың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан, жазушы-драматург, сыншы ғалым, абайтанушы Төлеужар (Төкен) Смайылұлының 85 жылдығына орай «Семей руханияты және Төлеужар Ибрагимов» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Абайтану саласында айшықты із қалдырған, Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимов, Айбек Сапышев, Санақ Әбеуов сынды Семейдегі көптеген таланттардың өнерде жолы ашылуына қамқорлық танытқан Төкен Ибрагимовтың есімін ұлықтайтын естеліктер аз емесі белгілі.

Танымдық кештің тізгінін ұстаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков Абай музейін 34 жыл басқарған Т. Ибрагимовтың тұлғалық болмысын айқындайтын мысалдарға тоқталып өтіп, естеліктер мен қаламгердің шығармашылығына арналған баяндамаларға кезек берді. Белгілі ғалым профессор, сан ғалымның ұстазы Арап Еспембетов Ибрагимов мұрасын кеңінен зерттеу керектігіне тоқталып өтті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов оның көптеген жастардың елге танылуына ықпал еткенін атап өте келіп, өзінің де өмір жолында сан жақсылығын көргендігін айтып, әсерлі естелігін бөлісті. 

- Төкен аға тек Семейдің ғана емес, қазақ руханиятының пайғамбары еді ғой. Ол кіснің басқалардан гөрі мен жақсылығын көп көрдім деп ойлаймын. Мұң, қуанышыма, түрлі толғаныстарыма куә болып жүріп, баспаға кітабыңды дайындайық деп кеңес беріп, балаша қуанып жүретін. Кейде бір келіспей қалатын қызық кездеріміз де болатын.  Ондайда мен көкейдегі ойымды қағазға түсіріп, столына қойып кететінмін. Ертеңінде жұмысқа келсем, жазған жауап хаты менің үстелімде жататын. Шын мәнінде ол кісі менің ұстазым, мен Төкен ағаның шәкірті болдым, - деп ағынан жарылды Тыныштықбек ақын.

«Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әлия Бөпежанова Төкен Ибрагимов пен жазушы hәм сыншы Асқар Сүлейменовтің достыққа адал сыйластығы туралы тамаша естелігін ортаға салды. 

Сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, профессор, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Қанипаш Мәдібаева, белгілі педагог-журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Платиналы «Тарлан» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Сайраш Әбішқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алмахан Мұхаметқалиқызы, музей директоры Ұлан Болатұлы баяндама жасап, Т. Ибрагимовтың зиялыға тән қайраткерлік болмысы, шығармашылық еңбегі туралы кеңінен әңгімелеп, ұсыныстарын ортаға салды.

Тағылымды шара түстен кейін Абай театрында «Оймен оңаша» атты әдеби-музыкалық кешпен жалғасты. Абай облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев абайтанушы, әдебиет зерттеушісі, Төкен Ибрагимовтің 85 жылдығына арналған салтанатты кештің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив