Жаңасемей ауданы - алғашқы жылдың қорытындылары

Жаңадан құрылған Жаңасемей ауданына ресми мәртебе берілгеніне толық бір жыл толмаса да, айтарлықтай мәселелер өз шешімін табуда. Бұл туралы Абай облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жаңасемей ауданының әкімі Руслан Базарбаев мәлімдеді.
Кездесу барысында Руслан Базарбаев 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарға есеп беріп, келесі жылы жүзеге асырылатын жоспарларды бөлісті.
Жаңадан қалыптасқан ауданда қазіргі таңда 12 ауылдық округ және 2 кент бар, халық саны 20 мыңнан асады.
Әкімнің айтуынша, Жаңасемей ауданында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 151,3 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі - 21,5 млрд теңге болса, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар - 6,3 млрд теңге.
Аудан әкімі ауызсу, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және медицина салаларындағы жұмыстардың оң нәтижелерін атап өтті. Сонымен қатар білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен шешуді қажет ететін мәселелерді де жасырмады.
Бұдан өзге, биыл ауданда алғашқы рет Озерки ауылында 70 орындық заманауи балабақша ашылған. Ал 2025 жылдың 1-тоқсанында Приречный ауылында 60 орындық балабақша ашу жоспарланғаны мәлімделді.