Келесі жылы Семейде автобустардың қызметіне өзгерістер енеді
Семейде бірнеше жылдан бері қаладағы қоғамдық көлік қатынасы өте өзекті мәселеге айналып отырғаны рас. Оның түрлі себептері бар: автобус жүргізушілерінің жетіспейтіндігі, соның салдарынан қоғамдық көліктердің қала ішіндегі желілерде қатынауы шекті мөлшерден аспайтындығы, тағы да басқа ертеден тамыр жайып кеткен проблемалар аз емес.
Дегенмен, Семей қаласына облыс орталығы мәртебесі қайта оралған күннен бастап, жергілікті атқарушы билік бұл түйткілді жөнге келтіруге барын сала бастағаны байқалады.
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов атап өткендей, мәселені шешу мақсатында, 18 жаңа автобус сатып алынды. Олар жақын арада желіге шығады.
Ал «Авто Транс Семей» ЖШС құрылтайшысы Григорий Пинчуктың айтуынша, автобустардың үлкен классты модельдері осы компанияның еншісіндегі №33 және №31 бағыттарында, ал кіші классты автобустар 17 және 44 бағыттарда қызмет көрсетуін жалғастырмақ.
Бұған қоса тағы бір айтар жайт, алдағы жылдан бастап жолаушы санына есептелетін тариф негізіндегі субсидиялау моделі өзгермек. Енді, оның орнына маршруттың есептік құнына негізделген нұсқа енгізілмек. Яғни, тасымалдаушы күніне жүрген қашықтығына қарай қаржы алады. Мұндай өзгеріс автобус жүргізушілерін желідегі жұмыс уақытын ұзартуға ынтасын арттырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қаласы әкімінің орынбасары Әділет Тұрысбек мәлімдеді.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасарының айтуынша, алдағы субсидиялау өзгерісі автопарктердің қозғалыс құрамын жаңартуға жол ашады
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Арман Жоламанов автобус қозғалысының аралықтары мен тұрақтылығының бұзылуына қатысты тұрғындар шағымынан хабардар екенін жасырған жоқ.
Оның айтуынша, қозғалыс тұрақтылығының жүйесі бұзылған жағдайда, субсидиялау ережелеріне сәйкес, теңдей бөлінетін субсидия сомасын төмендетіледі.
Семей қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Әділбек Увасилов маршруттық желілерді оңтайландыру және жаңа желілерді әзірленбек. Бұл туралы толығырақ түсіндірді. Ә. Увасиловтың мәлімдеуінше, 2025 жылы қалада маршруттық желілерді оңтайландыру қолға алынады. Оған қатысты барлық мәселелер зерттеліп, ғылыми тұрғыда талдаудан өткізіледі.
Жалпы, қазіргі күнде Семей қаласында 6 жолаушы тасымалымен айналысатын компания қызмет көрсетеді. Қала билігінің тұрғындар тарапынан жиі айтылатын автобустардың ерте тоқтап қалатыны, сенбі, жексенбі де тіптен сиреп кететініне қатысты шағымдарды қаншалықты шеше алғанын алдағы жылы айқындап береді.