Еліміздің металлургия өнеркәсібі 2016 жылдан бері алғаш рет 7,2%-дық өсімді көрсетті
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында 2024 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Жетекшілік ететін секторларда атқарылған жұмыстар туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков баяндама жасады.
Вице-министрдің айтуынша, 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің негізгі секторларында оң динамика байқалады, өсім 5,3%-ды құрады. Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша өсім – 6,1%.
«Өсім металлургия өнеркәсібі (+7,2%), машина жасау (+6,9%), химия (+8,4%), дайын металл бұйымдары (+29,5%) және жиһаз өндірісі (+12,8%) есебінен қамтамасыз етілді», — деп мәлімдеді Олжас Сапарбеков.
Металлургия өнеркәсібі 2016 жылдан бері алғаш рет 7,2%-ға өсті. Ол «Қазхром», «ЕвразКаспианСталь», «ҚазФерроСталь» сияқты бірқатар ірі кәсіпорындардың өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен, сонымен қатар Qarmet-тің толыққанды жұмыс істеуін қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды есебінен қамтамасыз етілді.
Қара металлургия саласына өсім 10,8%-ды құрады. Саланың оң көрсеткішке жетуіне отандық өндірушілерді металл сынықтарының қажетті көлемімен жүктеу шаралары оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда шойын өндірісі 14,4%-ға, болат 6,3%-ға, тегіс илектенген металл 20,4%-ға артты.
Түсті металлургия саласы мыс өндіру көлемінің 13,3%-ға, мырыштың 0,8%-ға және алюминий өндірісінің 1,5%-ға ұлғаюы есебінен 4,8%-ға өсті.
Машина жасау саласында ауыл шаруашылығы техникасы 15,4%-ға, темір жол көлігі 1,6 есе, электр жабдықтары 8,1%-ға, электронды-оптикалық жабдықтар және компьютерлер көлемі 1,7 есе артты. Жаңа өндірістерді іске қосу есебінен тұрмыстық техника өндірісі 4,4 есе өсті. Жалпы сала бойынша өндіріс көлемінің деңгейі 106,9%-ды құрады.
Химия өнеркәсібінде күкірт қышқылы 20%-ға, сары фосфор 13,2%-ға, сондай-ақ полипропилен өндірісінің жоспарлы жобалық қуатының 49%-ға ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 8,4%-ға өсті.
Сондай-ақ дайын металл бұйымдарын өндіру 29,5%-ға, жиһаз – 12,8%-ға, қағаз өндрісі 10,2%-ға өсіп, оң динамика көрсетті. Бұл салалардың жалпы жиынтық өсімі, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі сиякты өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі төмен салалардағы төмендеуді жауып отыр.
«Жалпы өңдеу өнеркәсібінің өсу серпінін сақтау және арттыру үшін Министрлік шикізат өндірушілермен келісімдер жасау арқылы отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуді жалғасуда. Бүгінде түсті металлургияда 25 келісімге қол қойылды. Сонымен қатар қажетілікке қарай ұлттық режимнен алып тастауға жататын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі кеңейтілуде. Қазірде 4,5 мыңнан астам отанық тауар ұлттық режимнен алып тасталды», — деді спикер.
Ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау мәселесі де қатаң бақылауда. Мәселен, биыл ірі субъектілер 704 млрд теңгеге 592 ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасады. Қазақстандық тауар өндірушілерінің Бірыңғай тізілімін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Сондай-ақ құрылыс саласындағы оң динамиканы байқалуда. 11 айдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға өсті. Тұрғын үй салуға тартылған инвестициялардың көлемі 19%-ға, ғимараттар құрылыстарына бағытталған инвестициялардың көлемі 12%-ға артты. Өңірлер бөлінісінде Маңғыстау және Атырау облыстарында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді. Қалған 18 өңір бойынша өсу серпіні сақталуда және жыл қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізетін боламыз», — деп толықтырды өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Осы жылдың 11 айында 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,3%-ға жоғары. Ақмола, Ақтөбе, Атырау облыстарын қоспағанда, 17 өңірде оң динамика байқалады. Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 146 мыңға жуық тұрғын үй тапсырылды. Жыл соңына дейін 18 млн шаршы метр деңгейінде тұрғын үйді енгізу бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізетін болады.