Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңір тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтады
Қадірлі жерлестер!
Жаңару мен жасампаздық бастауы, ырыс пен ынтымақ арқауы болған наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын! Тамырын тереңнен тартқан Ұлыстың ұлы күні – біртұтас бірліктің, тату тірліктің берік негізі.
Ұлт пен ұлысқа пана болған Әділетті Қазақстан – әлемге татулық пен бейбітшіліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Жаңарудың белгісіндей, бір жыл бұрын, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа – Абай облысын құру туралы ұсыныс берді. Қазыналы қарт Семей, күллі Қазақ елі бұл ақжолтай хабарды зор қуаныш, ыстық ықыласпен қабыл алды!
Бүгінде Абай облысы дербес әкімшілік аумақ болып, өзінің даму жолына түсті. Кешенді жоспар қабылданды. Инвестициялар келіп, тың жобалар іске аса бастады.
Бағытымыз айқын, мақсатымыз биік, тағдырымыз ортақ!..
Олай болса, ұрпаққа мұра болар тарихымыз бен мәдениетімізді, салтымыз бен дәстүрімізді сақтай отырып, Ұлы Абай еліне, бірге қызмет жасайық, қадірлі жерлестер.
Жаңа күн қасиетті жерімізге тек жақсылық әкелсін!
Туған ел, байтақ жер, киелі отанымыз мәңгі жасасын!
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!