Оқушылар сарайының құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде
Семейде балалар мен жастардың жан-жақты дамуына үлес қосатын көпфункционалды орталық, яғни Оқушылар сарайының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Салынып жатқан ғимараттың жалпы аумағы – 2,1 га, ал ауданы – 9 800 шаршы метр.
Оқушылар сарайы бір мезгілде 500 адамды қабылдай алады. Абай облысы құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риахановтың сөзіне қарағанда, негізгі құрылыс жұмыстарының 80 пайыздан астамы аяқталған. Монолит жұмыстар, кірпіш қалау, металл конструкциялары толық орындалды. Ал, шатыр және қасбетті әрлеу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Жобаға сәйкес Оқушылар сарайы ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, спорттық-сауықтыру, гуманитарлық, психологиялық, тарихи-өлкетану сынды алты негізгі бағытқа бөлінген. Осы бағыттарда робототехника, бағдарламалау, шығармашылық студиялар, театр және музыка үйірмелері, денешынықтыру және спорт, білім беру курстары, әдебиет және тіл, тұлғалық даму, өңір арихы мен мәдениет зерттеу бойынша алаңдар жұмыс жасайтын болады. Әр бөлім өз тақырыбына сәйкес жабдықталады. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Жақын арада барлық әрлеу және абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.