Аймақ басшысы Жарма ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралады
Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданына жұмыс сапары барысында Қалбатау ауылындағы Оңалту орталығы мен Шар қалалық ауруханасының жұмысымен танысты.
Оңалту орталығында бүгінде 327 адамға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мекемеде 99 адам жұмыс істейді. 1981 жылы салынған орталықтың ғимараты жөндеуді қажет етеді. Нысан мүгедектігі бар адамдарға бейімделмеген. Жабдықтар да ескірген. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек облыс әкіміне осындай оңалту орталықтары өңірге керек екенін айтты.
Облыс әкімі Шар қалалық ауруханасының жұмысымен де танысты. Медициналық мекемеде 206 адам еңбек етеді. Ауруханада терапия, педиатрия, хирургия және акушерлік-гинекология бөлімдері бар. Құрал-жабдықтардың 76%-ы жаңартылған. Аурухана емханасының жылу желілері ауыстыруды қажет етеді. Жобалық сметалық құжаттама әзірленген. Медициналық мекемеде анестизиолог, хирург, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандары жетіспейді.
Аурухананың бас дәрігері облыс әкіміне медициналық нысан жанында үш қабатты ғимараттың бос тұрғанын айтып, соны қайта жаңғыртып, ауданаралық оңалту бөлімін ашса деген ұсыныс айтты.
Өңір басшысы қалалық аурухананың тұрғындар үшін маңызын атап өтті. Аудан әкімі мен медициналық мекеменің бас дәрігеріне жас мамандарды жұмысқа тарту, баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.