«Жайлы мектептердің» құрылысын жеделдету керек - Берік Уәли
Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде салынып жатқан мектептер құрылысына қатысты жиын өтті. Отырысқа «Самұрық Қазына констракшн» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, облыс әкімінің орынбасарлары, Семей қаласының әкімі, тиісті басқарма басшылары мен мердігер компания өкілдері қатысты.
Қазіргі уақытта облыста «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында 1200 орындық, Водный кентінде 600 орындық, Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында 300 орындық мектептің құрылысы толық аяқталған. Қарағайлы ықшам ауданы мен Бесқарағай ауылындағы мектептерді интернет және электр желісіне қосу бойынша туындаған мәселелер шешімін тапқан. Аягөз қаласындағы 600 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек аталған жоба аясында Семей қаласының Шығыс кентінде жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
Жиында «Самұрық Қазына констракшн» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов аймақ басшысына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша өңірде салынып жатқан мектептер туралы баяндады.
Облыс әкімі жоғарыда аталған мектептердің тапсырыс берушісі «Самұрық Қазына констракшн» басшылығына нысандардың құрылысын мейлінше тездетуді әрі жұмыстың сапалы орындалуын қадағалауда ұстауды тапсырды.