Мәжіліс депутаттары сот реформасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті сот жүйесін реформалаудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Көшпелі отырыс Жоғарғы Сот және Сот әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге Мәжіліс депутаттары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Судьялар одағының, мемлекеттік органдардың, республикалық адвокаттар алқаларының өкілдері мен заң консультанттары, сондай-ақ Парламентаризм институтының өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан комитет төрайымы Снежанна Имашева бүгінде заң мен тәртіптің үстемдігі Мемлекет басшысының реформалар бағдарының басты қағидасы екенін атап өтті. Ол ел азаматтары тарапынан толық қолдау тапқан. Депутат жүргізіліп жатқан сот реформасының азаматтар үшін маңыздылығы мен заңға толық сәйкес бейтарап, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ Қазақстанның сот төрелігі жүйесін жетекші халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігіне назар аударды.
Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев өз сөзінде сот жүйесі өкілдері мен парламентшілер арасындағы тұрақты кездесулердің тиімділігіне тоқталды.
– Осындай кездесулердің арқасында, атап айтқанда, қоғамның негізгі өтініштерінің бірі – елордада үш кассациялық сот құру жобасы жедел жүзеге асырылды. Енді кассациялық қарау тәртібі бірқалыпқа келтіріліп, азаматтардың кассациялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі туады, шағымдар тараптардың қатысуымен алқалы түрде қаралатын болады, – деді Асламбек Мерғалиев.
Жоғарғы Сот төрағасы әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықтың іске қосылғанын және қамауға алуға балама ретінде татуластыру рәсімдері мен электронды бақылау құралдарын қолданудың артқанын айтты. Сондай-ақ жақын арада сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңілдету туралы өтінішхаттарын алқабилер сотының қатысуымен қарау бойынша пилоттық жоба басталатынын хабарлады.
Асламбек Мерғалиев жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде үдемелі дамуының негізі, азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілі және сот жүйесіне сенімін арттыруға бағытталған заң үстемдігін нығайтуға арналғанына мән берді.
Жиынға сонымен қатар Жоғарғы Сот судьясы, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия төрағасы Арыстанбек Стыбаев өзі басқаратын құрылымның қызметіне тоқталып, Сот жюриінің мүшесі Нұржан Қайыпжан судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тартудың жаңа тетігін таныстырды.
Талқылау барысында сот ісін жүргізудің өзекті мәселелері қозғалып, сот жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар дөңгелек үстел аясында Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров жиынға қатысушыларды Жоғарғы Соттың ахуалдық орталығының жұмысымен және жаңа IT-шешімдерімен таныстырды. Олардың қатарында мәтінді автоматты жазуға арналған жасанды интеллект элементтері бар аудио-бейне жазбаның жаңа буынының прототипі, сондай-ақ азаматтық істер бойынша «Алқалық құрамдағы істерді автоматтандырылған тарату» пилоттық жобасы бар.
Бұдан бөлек инновациялық цифрлық шешімдер ұсынылды: «Төрелік 2.0» IT-жүйесі, «Сот практикасы» аналитикалық модулі, азаматтық істердің нәтижесін болжауға арналған жасанды интеллектке негізделген сервистер, сот актілерін жекешелендіру және онлайн сот ісін ұйымдастыру.