Семейде үй жануарларына арналған груминг-салон ашылды
Шәкәрім университетінің Агротехнопаркі Ғылым апталығы аясында Aesculap ветеринариялық клиникасымен бірлесіп, «Күтім шебері» груминг-салонын ашты. Салонның ашылуы салтанатына университет проректорлары мен оқытушылары, Шәкәрім Жоғары колледжінің ұжымы, студенттер мен қала тұрғындары қатысты.
Үй жануарларына күтім жасау оларды тамақтандырумен ғана шектелмейді. Жануарлардың жүніне, терісіне, тырнағына, көзіне және құлағына күтім жасау – груминг деп аталатын процедуралар жиынтығы.
Жануарлармен жұмыс істеу үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған заманауи груминг-салон жуындыру, түгін тарау, тырнағын алу, құлағын, тісін тазалау сияқты қызмет түрлерін ұсынады.
Груминг-салонның басты мақсаты – үй жануарларының денсаулығын сақтау, олардың сыртқы келбетін жақсарту.
Бұл іс-шараны жануарлар күтіміне жауапкершілікпен қарап, қамқорлық жасау мәдениетін насихаттаудың маңызды қадамы деуге болады.
Салонның ашылуы барысында тұрғындар үй жануарлары күтімі бойынша гигиеналық шеберлік сабағына қатысып, мысық, ит және ұсақ кеміргіштер т.б. әртүрлі жануарларды күтуге қатысты практикалық кеңес алды.