Аймақ басшысы Жаңасемей ауданының ең шалғайдағы ауылына барды
Облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына жұмыс сапары барысында Алғабас ауылындағы бірқатар нысандарды аралады.
Алғабас - аудандағы ең шалғай елді мекендердің бірі. Облыс орталығынан 360 шақырым жерде орналасқан. Аймақ басшысы ең әуелі ауылдағы Быхин атындағы жалпы орта білім беретін мектепте болды. 1989 жылы салынған ғимарат 464 оқушыға арналған. Қазіргі уақытта 159 оқушы білім алуда. Білім ордасында 30 мұғалім еңбек етеді.
Мектепте бірқатар мәселелер бар. Білім ордасы салынғаннан бері жөндеу көрмеген. Мұндағы жылу қазандығы да ескірген. Мектепте пәндік кабинеттер тапшы. Облыстық Білім басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, 2027 жылы реновациялау аясында мектепке күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
Облыс әкімі ауылда офф-тейк келісімімен салынып жатқан спорттық сауықтыру кешенінде де болды. Құрылыс 2024 жылдың соңында басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Нысанды осы жылдың мамыр айында аяқтау көзделген. Мұндағы бір мәселе, спорт кешенін мемлекет балансына сатып алу қажеттігі туындап отыр. Аудан әкімі Алмас Тастенбеков аймақ басшысына осы проблеманың шешілуіне қолдау көрсетуді сұрады.
Бұдан бөлек ауылдағы жалғыз жылу қазандығының қуатын арттыру туралы ұсыныс айтылды. Бұл елді мекендегі жаңа нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі мердігерлерге құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтау керектігін айтып, нысанды мемлекет қарамағына алу, қазандықтың мүмкіндігін кеңейту бойынша тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.
Аймақ басшысы Алғабас ауылындағы Мәдениет үйі, медициналық пункт, күрес залы мен кітапхананың жұмысымен танысты. Төрт мекеме бір ғимаратта орналасқан. Бос тұрған нысанды 2022 жылы ауыл әкімдігі жөндеуден өткізген. Мәдениет үйінде түрлі бағыттағы 13 үйірме жұмыс істейді. 2024 жылы «Батыр боламын!» жобасы аясында демеушілер көмегімен ашылған күрес залында оқушылар ауыр атлетика және кудомен шұғылданады. Облыс әкімі Алғабас ауылындағы қолға алынған жобаларды жалғастыру керектігін атап өтті.