Абай мұрасы - ұлт байлығы
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Абай мұрасы - ұлт байлығы» атты әдеби сағат өткізді.
Шараға «Алаш арыстары - Мұхтар Әуезов» мұражайының меңгерушісі Қуат Қиықбай мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметкерлері қатысты.
Іс-шара басында кітапхана қызметкері Абай Құнанбайұлы - қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, қазақ халқының мәдениеті мен тарихының ең маңызды өкілдерінің бірі екенін, сондай-ақ оның шығармалары терең философиялық мәнге ие болып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқанын атап өтті.
Әрі қарай әдеби сағат қатысушылары қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбаевтың өмірбаянымен және шығармашылық мұрасының барлық қырларымен танысты.
Сөз кезегінде шара қонағы Қуат Қиықбай Абай мұрасы халқымыздың бүкіл даналығын бойына сіңірген, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлық екенін айта келе, Абайдың бірнеше шығармаларына тоқталып, олардың терең мағынасын жан-жақты ашып берді. Сонымен қатар, ақынның шығармаларында қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі мен рухани мәдениеті кеңінен көрініс тапқандығы, бұл оның туындыларына терең мағына беріп, оларды оқырман үшін ерекше құнды ететіндігі айтылды. Абайдың философиялық ой-толғамдары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоймағандығы, ол халқының болмысын терең түсіне отырып, қазіргі гуманистік құндылықтармен үндесетіндігі атап өтілді.
Шара жалғасында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, Абайдың өмірі мен шығармашылығындағы деректерге қатысты сұрақтар қойып, оларға ғибратты жауаптар алды.
Сонымен қатар, ақынның өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар назарына Абай шығармаларына арналған «Әлем таныған Абай» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Кітапхана қызметкері шара қорытындысында Абайдың 180 жылдығы - тек бір ақынның мерейтойы ғана емес, ол бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын қайта бағалап, оның терең философиясын бүгінгі күн тұрғысынан түсінуге ерекше мүмкіндік беретінін айтты.