Е. Абулхатин Қазақстанда еңбекті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а. Ерболат Абулхатин ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Ерболат Абулхатин сөз басында қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Еліміздің кәсіпорындарындағы ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіледі, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштеріне, еңбек ұжымдарындағы ахуалдың тұрақсыздану тәуекелдерін анықтау тұрғысынан құзыретті органдар мен БАҚ-тан жедел ақпаратқа талдау жүргізіледі.
«Қазіргі уақытта кәсіпорындардағы ахуалға мониторинг еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасының скорингтік жүйесі шеңберінде жүргізілуде. Биылғы 1 сәуірдегі деректер бойынша республикада әлеуметтік шиеленіс қаупі жоғары 1,5 мыңнан астам кәсіпорынға мониторинг жүргізілді», – деді Ерболат Абулхатин.
Биыл Маңғыстау облысындағы 5 кәсіпорында 3 сағаттан астам уақыт жұмысын тоқтатқан, ереуілдер орын алды.
«Қазіргі уақытта барлық ереуілдер аяқталды. Жұмыскерлердің негізгі талаптары – жалақыны көтеру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйлықақыларды төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу», – деп толықтырды ол.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың тағы бір негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмыскерлерге еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету.
«Осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 45 кәсіпорны 395,9 млн теңгеден астам сомаға 1,3 мың жұмыскерге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1,1 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 241,8 млн теңге төленді.
Жалақы бойынша берешек пен еңбек құқықтарының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 832 ұйғарым берілді және 98,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», – деді Ерболат Абулхатин.
Ол жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында тәуекел аймағындағы кәсіпорындардағы жағдай әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық және өңірлік үшжақты комиссиялардың отырыстарында жүйелі түрде қаралатынын атап өтті. Бұдан басқа, мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушінің жалақы бойынша берешегін төлеуі туралы нұсқамасының орындалуға міндетті құжаттың күші болады.
Бұдан басқа, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) ерекше бақылауында еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері тұр.
2025 жылғы 1 сәуірдегі деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 1332 тексеру жүргізді, оның барысында 1616 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 1332; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 272; халықты жұмыспен қамту бойынша – 12. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 мың жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
«Hr.enbek.kz еңбек ресурстары порталында жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек кеңесшісі» функционалы жұмыс істейді. Сервис ол үшін осы еңбек инспекторын ауыстырады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді. Бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта 45 335 адам өзін-өзі тексеруден өтті», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы.
Ол сондай-ақ Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету Үкімет пен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,3% - ға (1503-тен 1408 адамға дейін), қаза тапқандар саны 2,9% - ға (208-ден 202-ге дейін) азайды.
«2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша еліміздің кәсіпорындарында 293 адам зардап шекті, бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8%-ға аз (2024 жылы – 352 адам), оның ішінде 40 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 4,8% - ға (2024 жылы – 42 адам) төмен. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (31 адам зардап шекті), Қостанай (27 адам) Шығыс Қазақстан (24 адам), Ақтөбе (22 адам), Атырау (22 адам) облыстарында және Алматы қаласында (19 адам) сақталуда», – деп толықтырды Ерболат Абулхатин.
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 15,3% және құрылыс саласында – 12% байқалады.
Ерболат Абулхатиннің айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 16% - дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі. Мәселен, осы жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 272 бұзушылық фактісін анықтады.
«Жазатайым оқиғалардың себептері әртүрлі, олар жұмыс берушілердің де, жұмысшылардың да қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға деген көзқарасынан туындайды. Осы жылдың 3 айында құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар бойынша 226 материал жіберілді, олар бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а.
Еліміздің 3262 кәсіпорны бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінде оған 605 кәсіпорын қосылды.
«Еңбекмині алдына еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын едәуір қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қояды. Осы мақсаттарда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) іске асырылады, ол еңбек жағдайларын жақсартуды және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуді: еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыруда жаңа тәсілдерді қолдану, жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесіне қызметкерлердің қатысуын жандандыру есебінен көздейді; білім сапасын арттыру және білімді тәуелсіз бағалауды енгізу арқылы еңбекті қорғау бойынша білімді тексеру; қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту», – деді Ерболат Абулхатин.
Сондай-ақ, Тұжырымдама шеңберінде Отбасының цифрлық картасына ұқсас Кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалды. Бұл еңбекті қорғаудың тиімді мемлекеттік мониторингі мен бақылауын қамтамасыз етуге, проблемалық мәселелерді шешу, еңбек жағдайларын жақсарту және қызметкерлердің еңбек құқықтарының толық көлемде сақталуына кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша әрбір кәсіпорынға жедел және нақты жақындауға мүмкіндік береді.