Аймақ басшысы Семейдегі театр мен кітапханада болды
Облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі мәдени нысандарды аралау барысында Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың өзекті мәселелерімен танысты.
Театр ғимараты 1981 жылы салынған. Қазіргі таңда мұнда 238 адам еңбек етеді. Нысанда үш шығармашылық ұжымның бірге жұмыс істеуіне байланысты қосымша бөлмелер тапшы. Ғимаратта 44 жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жылу және су жүйелерін ауыстыру қажет. Актерлердің жетіспеушілігі, оларды тұрғын үймен қамту, техникалық қызметкерлердің жалақысының аздығы айтылды.
Аймақ басшысы театрда бұрын осы ұжымды басқарған Адай Азаматовпен кездесіп, мәдениет ошағын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана 1974 жылы салынған. Кітапханада 400 мыңнан астам кітап қоры бар. Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар қоры 5 жарым мыңға жуықтайды. 19 мыңнан астам тұрақты оқырман бар.
Мұндағы өзекті мәселенің бірі – бөлмелердің тапшылығы. Қазіргі уақытта кітапханада 4 мекеме жұмыс істейді. Мекеме директоры Мерей Қарт орын жетіспегендіктен сирек қордағы құнды кітаптар мен мерзімді басылымдар жертөлеге орналастыруға мәжбүр екендіктерін жеткізіп, көмек көрсетуді сұрады. Кітаптарды цифрлық форматқа көшіру үшін арнайы сканер алу қажеттігі туындап отыр.
Кітапханада облыс әкімі ақын, өнер жанашыры Құсмілия Нұрқасыммен кездесіп, аймақтың руханиятына қатысты ой-пікірлерін тыңдады. Аймақ басшысына мәдени нысанға ұлттық мәртебе беру жөнінде ұсыныс айтылды.