Мәжілісте «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң жобасы таныстырылды

Бүгін Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті. Палата вице-спикері Дания Еспаеваның қатысуымен өткен жиынға комитет төрайымы Снежанна Имашева жетекшілік етті.
Отырысқа депутаттармен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Снежанна Имашева заң жобаларын Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі әзірлегенін хабарлады.
Дания Еспаева бұл құжаттардың халық арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, ескерту және жолын кесу бойынша Президент белгілеген міндеттерді шешуге бағытталғанын атап өтті.
– Тұтастай алғанда, азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде жастар арасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа жүйесі құрылады. Депутаттық корпус пен уәкілетті органдардың заң жобалары бойынша бірлескен жұмысы қордаланған мәселелердің конструктивті әрі ортақ шешімдерін әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Д.Еспаева.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха депутаттарға ұсынылып отырған заң жобасының нормаларын түсіндірді. Ол әзірлеушілердің қолданыстағы профилактика тетіктерін сақтай отырып, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында өзгерістер енгізуге тырысқанын айтты.
– Заң жобасы халыққа барынша жақын әрі профилактика саласында нақты өкілеттіктер берілген жергілікті атқарушы органдардың негізгі рөлін айқындайды. Барлық деңгейдегі әкімдер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарымен, жастармен, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмысты ұйымдастырады. Мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді қамтамасыз етеді және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялар құрамын бекітеді, – деді вице-министр.
Сондай-ақ қылмыстың алдын алуға да баса назар аударылады. Осы мақсатта профилактикалық субъектілердің саны 13-тен 26-ға дейін екі есе ұлғайтылды (тізім отбасын қолдау орталықтарымен, жастармен жұмыс жөніндегі орталықтармен және басқалармен толықтырылды) және олардың жауапкершілік саласы нақтыланды. Енді барлық мемлекеттік органға профилактикалық шараларды, оның ішінде әлеуметтік бейімдеу мен оңалтуды, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық жұмысты, халықпен өзара байланыс құқығы беріледі.
Үкімет жыл сайын елдегі қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама дайындап, Мемлекет басшысына ұсынатын болады. Онда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі бағаланады, сондай-ақ алдын алу жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар беріледі. Бұл құқық бұзушылықтардың жасалу себептері мен шарттарын жою жөніндегі іс-әрекеттерді үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Игорь Лепеханың айтуынша, қылмыстың алдын алу жүйесі «құқықтық тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету үшін қайта қаралған. Ол жалпы, жеке және арнайы профилактикалық шаралардан тұратын болады.
Жалпы профилактика аясында халық арасында заңға бағыну тәртібін қалыптастыруға бағытталған ауқымды идеологиялық жұмыстар жүргізіледі. Профилактика саласындағы еліміздің даму стратегиясы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары арқылы жасалатын болады.
Бұл ретте азаматтарды профилактика саласына тарту тетіктері қайта қаралған. Енді барлық құқық қорғау органына қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қоғамдық көмекшілерді жұмысқа алу құқығы беріледі. Көмекшілердің қатысу аясы көшелерді патрульдеуден құқықтық насихатты ұйымдастыруға және консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысуға дейін кеңейтіледі. Олардың ең белсендісі марапатталады.
Сонымен қатар жеке профилактикалық іс-шаралар күшейтіліп, жаңа түрлерімен толықтырылады. Мысалы, ресми ескертулер, қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды есепке алу, көңіл бөлуді қажет ететін кәмелетке толмағандарға педагогикалық қолдау көрсету және жақындауға тыйым салу.
Сондай-ақ заң жобасында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау жүргізу ұсынылады. Әлеуметтік оңалту олардың дұрыс жолға түсуіне көмектеседі. Экономикалық құқық бұзушылық жасаған тұлғалармен бөлек жұмыс жүргізіледі. Олардың тізімі көпшілікке қолжетімді болады.
Ал балалардың қараусыз, панасыз қалуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сондай-ақ мас күйінде және қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар үшін арнайы профилактикалық шаралар енгізіледі. Оларға қоғамға жат мінез-құлық немесе қылмыстар жиі байқалатын аумақтарды бақылау, халықты жеке қақтығыстарды шешу және өзін-өзі қорғау әдістеріне үйрету, құрбандарды анықтау және қорғау, сенім телефондары мен веб-сайттарды ұйымдастыру кіреді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулер аясында заңсыз контент орналастырғаны және таратқаны үшін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құқық бұзушылықтарды жасау себептерін жою жөніндегі нұсқамаларын «зұлымдықпен» орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.
Бұдан соң мәжілісмендер баяндамашы мен мемлекеттік органдардың өкілдеріне құқық бұзушылық профилактикасы саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қалыптастыру, олардың орындалуын бақылау және бағалау функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру себептері, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша былтыр қабылданған заң нормаларын бүгінгі әкімшілік заңнамаға енгізудің орындылығына қатысты сұрақтарын қойды.
Талқылау барысында депутаттардың айтқан пікірлері мен ұсыныстары заң жобаларымен алдағы жұмыста ескерілетін болады. Жұмыс тобына Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов жетекшілік етеді.