Shakarim University Еуропаға есік ашты

Абай еліндегі білімнің бастау бұлағы Shakarim University өткенде көршілес Қытай елінің университеттерімен әріптестік байланыс орнатса, енді Еуропа елдерінің елеулі оқу орындарымен серіктестік жасауға уағдаласып қайтты.
Shakarim Universityректоры Думан Орынбеков пен проректоры Ерасыл Дулатбай Польшаның Быдгощ қаласындағы WSG университетінде өткен Erasmus халықаралық апталығына қатысты. Бұл жолы тараптар құр хаттамамен шектелген жоқ – бірқатар нақты бағыттарда жұмыс істеуге келісті.
Кездесу барысында қос диплом бағдарламаларын жаңарту, бірлескен магистрлік курстар ашу, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдігін дамыту, цифрландыру мен экология бағытындағы ғылыми жобаларға бірлесіп өтінім беру мәселелері көтерілді. Спорт менеджменті саласындағы бағдарламалар туралы да нақты жоспар белгіленіп отыр.
Университет басшылығы WSG Канцлері Филип Сикора және ректор Марек Хамотпен жеке келіссөз жүргізді. Тараптар оқу бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жайын да қарастырды. Пікір алмасу формалды күйде емес, жұмыс мазмұнына бейімделіп өтті.
Іссапар аясында Польшаның олимпиадалық дайындық орталығы таныстырылды. Сондай-ақ, WSG-де білім алып жатқан Қазақстан студенттермен де кездесу болды.
Ерасыл Алтайұлы – CNAS халықаралық сертификаттау жүйесі бойынша Қазақстандағы техникалық сарапшы мәртебесіне ие жалғыз маман. WSG-пен арадағы келіссөздерді техникалық әрі академиялық жағынан үйлестіріп отыр.
Ректор Думан Орынбековтің айтуынша, университет қазірдің өзінде жаңа келісімдер пакетін әзірлеп жатыр. WSG профессорлары алдағы форумға шақырылған. Білім, инновация, спорт салаларындағы бағыттар нақтылап белгіленіп келеді. Сапар соңында ректор WSG ұжымына кәсіби қарым-қатынас пен серіктестікке дайын екендерін көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Бақытбек АСҚАР