Семейде 5 облыстың судьялары арасында іріктеу ойындары өтіп жатыр
Семейде Қазақстан Республикасы Судьялар одағының XI республикалық спартакиадасының Шығыс аймақтық іріктеу ойындары өтіп жатыр.
Спартакиада – салауатты өмір салтын насихаттап, судьялар арасындағы достық пен әріптестік байланысты нығайтуды көздейтін дәстүрлі спорттық дода. Үлкен жарыс қарсаңындағы іріктеу турниріне Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 100-ден астам сот қызметкерлері қатысуда.
Судьялар құрамасы шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, үлкен теннис, шахмат, дойбы, бильярд және арқан тарту сынды спорттың 9 түрі бойынша сынға түседі.
Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Судьялар одағы орталық кеңесінің мүшесі Әуезнұр Қаженов, Абай облыстық сотының төрағасы Қайрат Чакпантаев, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары соттарының төрағалары қатысты.
Аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, бұл жарыс судьялар қауымының бірлігін арттырып қана қоймай, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға серпін беретінін атап өтті.
Жарыс екі күнге жалғасады, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болады.