Семейдегі аспалы көпірдің жөндеу жұмыстарына облыс әкімі арнайы барды
Семей қаласының қос жағалауын байланыстырып тұрған аспалы көпірдің асфальт жабыны толық ауыстырылады. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандарымен бірге көлік өткелінде басталған жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
27 мамырдан бастап көпірдегі қозғалыс схемасы өзгеріп, көліктер төрт жолақпен қатынауда. Қазіргі уақытта ескі асфальт алынып жатыр. Бұған дейін бұл нысанда тек ойықтарды жамау жұмыстары атқарылса, енді жүріс бөлігі толық жаңартылады. Жаңа асфальт заманауи стандарттарға сай сапалы материалдан төселеді.
Асфальтты ауыстыруға 80-ге жуық жұмысшы және 20-дан астам арнайы техника тартылған. Жоба бойынша жөндеу жұмыстары шілде айының басында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы мердігерлерге жұмысты сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтауды тапсырды.
Аймақ басшысы қаланы аралау барысында «Пристань» шағын ауданын дамыту жобасымен танысты.
Бұл аумақта қуаттылығы 2,7 Гкал болатын ескі жылу қазандығы орналасқан. Қазандық бірнеше тұрғын үй мен бизнес нысандарын жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев облыс әкіміне шағын ауданды дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты. Аталған аумақта келешекте көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр.