1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ертіс жағалауында мерекелік концерт өтті
Семей қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Ертіс өзенінің жағалауында ұйымдастырылған мерекелік концертке балалар мен ата-аналар жиналды.
Балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шарада арнайы ойын алаңдары, шеберлік сағаттары мен түрлі ойын-сауық бағдарламалар ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шараға Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілдаев қатысып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды айтулы мерекемен құттықтады.
«Бұл күн – балаға деген шексіз махаббат пен жауапкершілікті жаңғыртатын, адамзаттың ең асыл құндылығы – балаларды қорғау қажеттігін еске салатын ерекше мереке. Семей қаласында балалардың бақытты әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін нақты жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру – биылғы басты назардағы міндеттердің бірі. Қала сыртындағы 9 сауықтыру лагерінде 5 мыңға жуық бала демалады», – деді Қуаныш Әбілдаев.
Шара аясында балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында қолөнер, сурет және робототехника көрмелері ұйымдастырылып, түрлі аниматорлық қойылымдар мен флешмобтар өткізілді.
1 маусымда Семей қаласында 14 түрлі орында кең ауқымды мерекелік бағдарламалар, концерттер мен фестивальдер өтті. Бұл күн балалардың жүзінен шаттық пен күлкі кетпеген, қуаныш пен жылулыққа толы ерекше күн болды.