Семейде облыстық прокуратураның жаңа ғимараты ашылды
Семейде облыстық прокуратураның жаңартылған ғимараты ашылды. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов және сала өкілдері қатысты.
Әр жылдары әртүрлі мекемеге тиесілі болған нысан 40 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Облыстық прокуратура қарамағына берілгеннен кейін республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен толық жөнделіп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Ғимарат ішінде барлық қажетті техника мен құрал-жабдықтар орнатылған.
Салтанатты шарада облыс әкімі сөз сөйлеп, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагері, заң саласында ұзақ жылдар қызмет Фазыл Әділбаевтің құрметіне ғимарат қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.
Облыс әкімі Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен бірге 100 орынға арналған психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеменің құрылыс алаңына барып, іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Ғимарат прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер есебінен бой көтеруде. Нысан іске қосылған соң жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға сапалы қызмет көрсетілмек. Қазіргі таңда мұндай қызметке облыс бойынша 101 адам кезекте тұр.
Айта кетейік, республика бойынша прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер есебінен 333 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Оның 15-і Абай облысына тиесілі. Медицина саласында үш жоба, ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты 12 жоба қолға алынады.