Облыс әкімі Шар қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралады
Облыс әкімі Берік Уәли Жарма ауданына жұмыс сапары барысында Шар қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Аймақ басшысы шаһардағы Шар қалалық мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта құрылыстың 40 пайызы аяқталған. 1960 жылы салынған Мәдениет үйіндегі күрделі жөндеу жұмыстары «Жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Облыс әкімі мердігерлерге жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірмей аяқтауды тапсырды.
Аймақ басшысы Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің жұмысымен де танысты.
Мектепте 243 оқушы білім алады, 40 мұғалім еңбек етеді. Биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша 2 оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Білім ордасы 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай қазақ тілі пәні кабинеті ашылып, STEM, химия, биология, физика және робототехника кабинеттері мен кітапхана жаңартылған. Ерекше атап өтерлігі, мектептің дәліздері ерекше үлгіде безендірілген. Оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Мектеп ішінде 50 орындық балабақша да бар.
Облыс әкімі мектептің кабинеттерін, кітапханасын көріп, тәрбие бағытындағы жобаларын жоғары бағалап, Білім басқармасына басқа мектептерге үлгі ретінде ұсыну қажеттігін айтты. Аймақ басшысы мектеп алдында Шардың ақсақалдарымен, белсенді азаматтармен кездесті. Олар қаланы дамытуға қатысты қабылданған «Жол картасын» ары қарай жалғастыруды, Амангелді көшесінің жолын жөндеп беруді сұрады.
Аймақ басшысы сондай-ақ «Қамқор-Локомотив» ЖШС құрамындағы Шар локомотив жөндеу депосының өндірістік әлеуетімен танысты.
1935 жылы негізі қаланған бұл өндіріс орны бүгінгі таңда өңірдің ірі техникалық кәсіпорындарының бірі саналады. Мұнда 155 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Депо локомотивтерге сервистік қызмет көрсетумен және доңғалақ жұптарын жөндеумен айналысады.
Жалпы ауданы 7 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын алаңында механикалық, электр-аппараттық, автоматтандырылған, дәнекерлеу, бояу, құрастыру, техникалық бақылау, сондай-ақ доңғалақ жұптарын толық қалыпқа келтіру цехтары орналасқан. Сонымен қатар, кәсіпорын құрамында жөндеу аймағы, отындық, шанақ және агрегаттық цехтар бар. Мұнда жылына 900-ге жуық техника жөнделеді.
Облыс әкімі кәсіпорынның өндірістік әлеуетін жоғары бағалады.