Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
523.46 600.04 6.69

Аялдамалар аянышты қалпы тұра бере ме?

Кеше, 15:23 Сәтжан Қасымжанұлы

Қай қалада болсын, оның келбетін танытатын дүние – кәдімгі қоғамдық көліктер тоқтайтын аялдамалар екені түсінікті. Облыс орталығы мәртебесі араға ширек ғасыр салып, қайта оралған Семейде кейбір аялдамалардың сиқы сын көтермейтіні шындық. Білуімізше, қалада ескі-жаңасы аралас барлығы 593 аялдама бар, оның ішінде 470-і әртүрлі типтегі аялдама павильондарымен жабдықталып, жекеменшік иелікке берілген. Алайда, оның қазіргі күнге дейін қаншасы жаңартылғаны белгісіз. 

Алаш көсемінің есімі оңып кеткен

Жасыратын несі бар кейбірінің тазалығы талапқа сай келмейді. Тіпті, бір жерге екі аялдама орнатылғанын көргенде, түсініксіз хал кешесің. Енді бірінің түсі оңып, сиқы қашқаны тағы бар. 

Жұрт аузында ертеден «Музыкальная» аталып кеткен Абай көшесі мен Шәкәрім даңғылының қилысындағы аялдама қазір «Әлихан Бөкейхан университеті» деп аталады. Әрине, Алаш көсемінің есімімен көзге түсіп тұруы құптарлық ниет. Алайда, Шәкәрім даңғылының оң жағындағы аялдамаға келе қалсаңыз, көңіл құлазиды. Көрнекті тұлғаның бейнесі алыстан көз тартып тұрғанымен, аялдама маңдайшасындағы атау мүлем оңып кеткен. Яғни, Әлихан Бөкейхан аты мүлдем өшіп кеткені өкінішті-ақ. 

Осыдан біраз уақыт бұрын қысқы сипаттағы жылы аялдамаларға арнайы сөрелер орнатылып, қаламгерлердің кітаптары қойыла бастаған еді. Соның бірі осы аялдама болатын. Қазір жаз маусымы басталғандықтан, уақытша жабылғаны туралы ескерту алдымен орысша, астына қазақшасы жазылыпты. Анығын айтқанда, мемлекеттік тіл талабын сақтау ескерілмеген. 

«Баяғы жартас, бір жартас»...

Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын «Семейдің ең аянышты аялдамасы» атты материал жариялаған едік (https://018.kz/10353-semejdi-e-ajanyshty-ajaldamasy.html). Онда «Орталық алаң» атауымен әйгілі аялдаманың аянышты кейіпте тұрғаны сынға алынған болатын. Арада бір жылға жуық уақыт өтсе де «баяғы жартас, бір жартас қалпында» әлі тұр. Бұл аялдама павильоны жекеменшік болған күннің өзінде оған күтіммен қарап, оны аянышты күйден арылтуға иесі жауапкершілікпен қараса қала келбетін көркейтуге қосқан үлесі болары сөзсіз. Бірақ та облыстық әкімдіктің қарсы алдында «қасқайып тұрған» аялдама «Орталық алаң» атына сай болуы қажеттігін нысан иесінің де, қалалық кәсіпкерлік бөлімнің де қаперге алар түрі жоқ. 

Ал сол жағалауға өткенде бірінші «қарсы алатын» «Халықтық» («Народная») аялдамасының сол жағында бір емес, неліктен екі аялдама орнатылғаны түсініксіз. Орталықтағы Қабанбай батыр даңғылындағы «Орталық базар» аялдамасының да қос –қостан орналасқаны бір қызық. 

Берік Уәли уәдесіне беріктігін байқатты

Жалпы, аялдамаға қатысты мысалдарды көптеп айта беруге болады. Оның бәріне тоқталып шығу мүмкін де, қажет те емес. Ең қуаныштысы жақында Семей қаласында жаңа типтегі 44 автобус пайдалануға берілді. Бұл қала тұрғындары үшін маңызы зор жаңалық болды. Өйткені, облыс әкімдігінің қолдауымен «Авто Транс Семей» ЖШС Семейде құрастырылған жаңа автобустардың барлығы заманауи техникалармен жабдықталған, кірген адамның өзін жайлы сезінуіне баса назар аударылған.

Облыс әкімі Берік Уәлидің жаңа қоғамдық көліктермен толықтай қамтудың алда да жалғасатынын айтқаны семейліктердің қуанышын еселей түскені анық.

– Бір ай бұрын ғана қаладағы автобус паркін жаңартуға уәде берген едік. Сол тұрғыда 30 үлкен және 14 шағын автобусты пайдалануға бергелі отырмыз. Ең бастысты бұл көліктердің барлығы – Семей қаласында шығарылған отандық өнімдер. Көптеген облыстар қызығушылық танытып жатса да, зауыт бірінші кезекте біздің тапсырысымызды орындады. Жыл соңына дейін тағы 26 автобус қосылып, жалпы саны 70-ке жететін болады. Келесі жылы тағы 50 автобус сатып алу жоспарымызда бар. Ең бастысы – бұл автобустардың барлығы салқындатқышпен жабдықталған. Бұрын-соңды Семейде мұндай жағдай болмаған, – деді Берік Уәли.


Тағы бір ерекшелігі сол жаңа автобустар Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай арнайы логотиппен көмкерілген. 

Қазір қала ішінде 42 бағыт бойынша 331 автобус қатынайды. Бұл қызметті 5 жекеменшік тасымалдаушы компания атқарады. Тоқ етеріне көшсек, Семейде жаңа автобустардың қолданысқа берілуі облыс орталығындағы аз уақыт ішіндегі оң өзгерістердің бірі деуге болады. Енді біртіндеп жоғарыда айтып өткен аялдамаларды ретке келтіруге де назар аударылса, Алаш астанасы атанған тарихи қаланың ажары кіре түсетіні анық. Өйткені, көптеген аялдамалардан көз тартатын «Туған қалам Семейім» деген атына сай болуы тиіс.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив