Cемей28°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
519.26 602.13 6.62

Аймақ басшысы Бородулиха ауданы тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының әкімі Берік Уәли Бородулиха ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, мәдениет және спорт нысандарының құрылысы, абаттандыру мәселелерін көтерді.

Атап айтқанда, тұрғындар Бақы ауылдық округіндегі «Ауыл–Коростели», «Новопокровка–Белағаш» бағытындағы жолдарды жөндеу, Ауыл станциясындағы көшелерді жарықтандыру, Бородулиха ауылындағы бірқатар көшелерге асфальт төсеуге қатысты ұсыныстарын айтты.

Жерновка ауылында Мәдениет үйі мен Жаңа Шүлбі ауылында жетім балаларға арналған интернат аумағында жабық хоккей алаңын салу және Петропавловка ауылының ішіндегі көше жолдарын жөндеу секілді ұсыныстар да назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді.

Азаматтарды қабылдау барысында облыс әкімі әр мәселені жеке бақылауына алып, тұрғындар көтерген өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешуді жауапты сала басшыларына жүктеді.

«Қабылдауда Бородулиха ауданының тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелердің барлығымен жақсы таныспын. Биыл 20 шақырымды құрайтын «Новопокровка-Белағаш» жолының 10 шақырымына орташа жөндеу жүргіземіз. Қалған бөлігін келер жылы жөндеу жоспарымызда бар. Сондай-ақ биыл аудан орталығындағы үш көшеге асфальт төселеді. Қалған көшелерді келесі жылдың жоспарына енгіземіз. Осылайша аудандағы мәселелерді кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Менің жеке бақылауымда болады»,- деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауының алдында басқарма басшылары аудан тұрғындарын қабылдап, сауалдарына жауап берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив