Семейде көше жолдарына асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Аймақ басшысы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді.
Қазіргі уақытта облыс орталығында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 6 сумен жабдықтау жобасы іске асырылып жатыр. Бұл 12 мыңнан астам тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 63,9 шақырым. Қазіргі уақытта жобалық құжаттар дайындалып, техникалық рұқсаттар алынып, дайындық және жер қазу жұмыстары басталған.
Облыс әкіміне «Дорожников ауданын сумен жабдықтау желісі», «Теміржолшылар кентінде су құбыры желілері» және «1-ден 12-ге дейінгі су құбыры желілерінің» құрылысы жобалары таныстырылды. Үш жоба 77 шақырымды, 344 абонентті қамтиды. Аймақ басшысы мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Аймақ басшысы қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Биыл қала бойынша 40 шақырымнан асатын 52 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 36 көше бұрын-соңды асфальтталмаған. Оның ұзындығы – 23 шақырым. Бұл бағыттағы жұмыстар 6 жобаға бөлінген. Қазіргі таңда сол жағалаудағы Тұрсынғазы Рахимов көшесінде асфальт жаю жұмысы басталды. Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевтың айтуынша, шаһардағы 8 көше асфальт төсеуге дайын тұр.
Облыс әкімі Тұрсынғазы Рахимов көшесінде басталған жұмысты көріп, мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды жүктеді.