Cемей16°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
520.39 609.58 6.63

Аймақ басшысы Лайбұлақ, Жоғарғы Егінсу ауылдарында болды

Кеше, 19:30 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданына жұмыс сапарымен келді. Аймақ басшысы сапар барысында әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады.

Әкім сапары Лайбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысудан басталды. Нысан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған, электр желісі тартылған. Қазіргі уақытта орталық су жүйесіне қосу үшін сорғы құрылғыларын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Су маусым айының соңына дейін қосылады деп жоспарланған.

Бүгінде ауыл тұрғындарына 1962 жылы салынған ескі медициналық пункт қызмет көрсетіп отыр. Ауылда 362 адам тіркелген. Енді осы мекемеде жұмыс істейтін 4 медицина қызметкері жаңа ғимаратқа көшеді.

Облыс әкімі медициналық нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызын атап өтіп, тез арада іске қосуды тапсырды. 

«Медициналық нысан халық игілігіне қызмет етуі керек. Тұрғындар мекеменің ашылғанын тағатсыздана күтіп жүр. Сондықтан су тарту жұмыстарын тезірек аяқтап, мекемені келесі апта іске қосу қажет», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Жоғарғы Егінсу ауылындағы құрылысы кешеуілдеп келе жатқан 100 орындық Мәдениет үйін де көрді. Нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Ғимарат іске қосылғанда мұнда кітапхана мен әкімдік орналасатын болады. Құрылыс жұмыстарының 60 пайыздан астамы аяқталған. Қазір ғимарат ішінде әрлеу және монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысанды толық аяқтау үшін қосымша қаржы бөлу қажеттігі туындап отыр.

Аймақ басшысы осы жерде ауыл ақсақалдарымен кездесіп, пікірлесті.

«Қысқа мерзім ішінде Үржар ауданына үшінші рет келіп отырмын. Бұрын келмеген ауылдарға арнайы келіп, осындай құрылысы аяқталмай тұрған проблемалық нысандарды қарап жүрмін. Бұл ғимараттың құрылысының басталғанына 2 жыл болған. Нысанның тезірек аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілгенін өзім тікелей қадағалап отырамын. Ауылға кіреберіс 3,5 шақырым жолдың да жөндеу жұмыстары басталды. Тамыз айына дейін аяқтап, тұрғындардың пайдалануына береміз», - деді аймақ басшысы.

Елді мекен тұрғындары ауылда жасалып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын жеткізді.

«Біздің ауылда жаңа ғимараттың салынбағанына 60 жылдан асып кетті. Бұл - үлкен жаңалық. Бірден екі нысан бой көтеріп жатыр. Ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамыз», - деді ауыл тұрғыны Саметхан Интышев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив