Семейде шахматтан «Senat Open» II Ашық кубогының екінші жартылай финалы өтті

Семей қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловтың қолдауымен ұйымдастырылған «Senat Open» II Ашық кубогының бес жартылай финалының екіншісі өтті.
Жарысқа Астана қаласы, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарынан келген 118 мықты шахматшы қатысты. Турнир қорытындысы бойынша 38 ойыншы 29 тамыз күні Астанада өтетін финалға жолдама алды.
Тур жеңімпазы – 31 жастағы астаналық Сержан Сейтеш, ол 9 мүмкіндіктен 8 ұпай жинады. Екінші орынды елордалық Арыстан Уразбеков иеленсе, үшінші орынға Бекарыс Жандәулет тұрақтады. Соңғысының 7 ұпайы болғанымен, Бухгольц коэффициенті бойынша басқалардан озып шықты. Үздік үштіктің барлығы – Астана қаласының өкілдері.
Жалпы есептегі қатысушылар ғана емес, арнайы аталымдарда да жоғары нәтижелер көрсетілді. Алты арнайы санат бойынша үздіктер марапатталды: ардагерлер арасында – Арыстан Уразбеков, әйелдер арасында – Зайнабхан Божгулова, мәслихат депутаттары мен қызметкерлері арасында – Бекмұрат Ағзамов, мемлекеттік қызметшілер арасында – Сержан Сейтеш, қоғамдық кеңес мүшелері арасында – Мәди Усманов, БАҚ өкілдері арасында – Бекарыс Жандәулет.
«Senat Open» II Ашық кубогы швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Уақытты бақылау: әр ойыншыға 10 минут және әр жүріс үшін қосымша 5 секунд беріледі. 2025 жылғы турнирге рейтинг көрсеткіші 2000-нан төмен шахматшылар қатысуда. Ақпан мен мамыр айлары аралығында еліміздің әр өңірінде 20 іріктеу турнирі өтіп, оларға 2100-ден астам адам қатысты. Ардагерлер арасындағы жарыстарды қоса есептегенде, қатысушылар саны 3000-нан асты. Алда тағы үш жартылай финал бар – «Солтүстік», «Батыс» және «Шығыс» өңірлерінде өтеді.