Cемей25°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
519.51 611.83 6.6

Өңір басшысы Семейдегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының өзекті мәселелерімен танысты

Кеше, 18:48 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысы әуелі №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, яғни Қарттар үйінде болды.  

Ғимарат 1985 жылы салынған. Мекеме 155 орынға арналған. Қазіргі таңда мұнда 152 адамға қызмет көрсетілуде. Оның 87-сі егде жаста, 65-і мүгедектігі бар азаматтар. Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 5 бөлімше жұмыс істейді. 11 арнайы кабинет бар. 113 бейнебақылау камерасы орнатылған. 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек облыс әкіміне мекеменің өзекті мәселелерін жеткізді. Нысан аумағы абаттандыруды қажет етеді. Сонымен қатар мекемедегі бөлмелерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаз бен есіктерді ауыстырып, желдеткіштер мен жаңа терезелер орнату керек. 

Аймақ басшысы Қарттар үйін аралап көріп, қариялармен пікірлесті.  

«Мереке қарсаңында жұмыстарыңызбен танысайын деп арнайы келіп отырмын. Бұл жердегі адамдардың тағдырлары әртүрлі. Қарттар үйі дейміз, бірақ 1-інші, 2-інші топтағы мүгедек жандар да бар. Халық Қарттар үйі дегенде бала-шағасы қалдырып, қарамай кеткен қариялар ғана тұрады деп қабылдайды. Бұл жердегі 152 адамның бәрі ондай емес. Шын мәнісінде, бала-шағасы жоқ, жалғызбасты қариялар да бар. Бір өкініштісі, соңғы жылдары қарагөздеріміздің саны артып келе жатыр. Мекемеде ер адамдар көп екен. Мемлекет өз тарапынан қарастырылған міндеттемелердің барлығын орындайды. Қарттар үйіне әкімдік тарапынан тиісті көмекті көрсетеміз», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы №1 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына да барып, өзекті мәселелерімен танысты.

Мекеме 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта мұнда 399 қызмет алушы бар. Олармен 190 қызметкер жұмыс істейді.

Орталықтың екі корпусы бар. Бірі 1964 жылы, екіншісі 1970 жылы салынған. Алғашқы корпусқа 2023 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Соңғы күрделі жөндеу 2014 жылы жасалған.

Мекеме директоры Айдынбек Нұрдыбаевтың айтуынша, орталықта бірқатар өзекті мәселелер бар. Қызметтік көліктердің көпшілігі тозған. Қолданыстағы санитарлық «Газель» көлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Арнайы инватакси қарастырылмаған. Сондай-ақ қызметкерлерге арналған бақылау-өткізу пункті мен келушілермен кездесу ғимаратын салу, мекеме ғимараттарының қасбеттері мен қызмет алушылардың жатын бөлмелерін жөндеу мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Облыс әкімі орталықтағы өзекті мәселелерді жақсы білетінін айтып, әлеуметтік саладағы осындай маңызды мекемелерге әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті. 

«Орталыққа ағымдағы жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен 141 миллион теңге бөлінді. Техникамен қамтамасыз ету бойынша тиісті қолдау көрсетеміз. Қазіргі уақытта прокуратура органдары мемлекетке қайтарған активтер есебінен мекеме аумағында 100 орындық жаңа ғимарат салынып жатыр. Үш жүз адамға арналған орталықтың бүгінде 400 адамға қызмет көрсетіп жатқанын ескерсек, жаңа ғимарат мекеменің жүктемесін жеңілдететіні сөзсіз. Облыс орталығындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен танысайын деп арнайы келдім. Мұндай орталықтарда заман талабына сай қызмет көрсетілуі керек. Екі мекемедегі жағдайды жақсарту үшін тиісті шараларды қабылдаймыз. Жеке бақылауымда болады», – деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив