Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
519.51 611.83 6.6

Семейдің биологиялық орталығының аумағы 2,6 гектардан 9 гектарға дейін ұлғаймақ

Кеше, 19:30 Думан Кенжеғазыұлы

Семей қаласындағы Бейбітшілік аралында орналасқан облыстық балалар биологиялық орталығы – экологиялық-биологиялық бағыттағы мектептен тыс жалғыз мекеме. Қазіргі таңда мұнда 776 бала мен жасөспірім қатысатын 60 үйірме жұмыс істейді. 

Орталықтың жалпы аумағы – 2,56 гектар. Мұнда 6 оқу зертханасы, акт залы бар оқу ғимараты, жазғы қоршаулар, қысқы павильон бар. Сондай-ақ маусымдық жылыжай жұмыс істейді. Сонымен қатар орталық қала мектептерінің оқушылары мен мұғалімдеріне арналған экологиялық іс-шаралар, байқаулар мен көшпелі экспедициялар ұйымдастырады. Жаз айларында күндізгі лагерде негізінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 600-ден астам бала демалады. Жыл сайын 160 мыңнан астам тұрғын мен қала қонақтары орталыққа экскурсия жасайды.

Мекеме жануарлар әлемін таныстыру бағытында да жұмыс істейді. Қазіргі уақытта орталықта 454 жан-жануар бар. Мұнда 50 қызметкер еңбек етеді.

2022-2023 оқу жылында орталықтың шаруашылық қызметінен түскен кіріс есебінен 9,5 млн теңгеге жуық қаржыға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, оқу ғимаратының шатырын және қасбеті, қысқы павильонның алдыңғы бөлігі жөнделген. 

Орталық жоғары және арнайы оқу орындарымен жасалған келісім негізінде студенттерге арналған өндірістік тәжірибе алаңы ретінде де қолданылады. Мұнда Шәкәрім университеті, Семей медицина университеті, Авиценна медициналық колледжі мен Шәкәрім жоғары колледжінің студенттері тәжірибе жинақтайды.

Орталық мамандары облыс әкіміне мектеп оқушыларын автобуспен өздері тасымалдап жүргенін айтып, осы мәселені назарға алып, көмек көрсетуді сұрады. 

Аймақ басшысы биологиялық орталықты аралап көрді. Облыс әкімі орталықтың аумағы 2,6 гектардан 9 гектарға дейін ұлғайтылғанын атап өтіп, қала әкімдігіне сол аумақты абаттандырып, келушілерге қолайлы болу үшін Этно ауыл жағынан тағы бір кіру жолын ашуды тапсырды.  

«Бұл орталық оқушылардың жан-жақты дамуына және қосымша білім алуына қолайлы жағдай жасап отыр. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек»,- деді аймақ басшысы.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив