Жақында Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылдық округінде орналасқан «Тарбағатай» спорттық-сауықтыру лагерінде алғашқы маусымның ашылу рәсімі өтті.
Лагерьдің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілген. Биылғы жазғы маусымда лагерьде әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 10-14 жас аралығындағы 400 баланы тегін демалыспен қамту жоспарланған. Лагерь 5 маусым бойы жұмыс істейді, әр маусымда 80 бала тынығады.
- Тарбағатай лагері – жай ғана демалыс орны емес, бұл – бала жүрегіне шаттық пен сенім ұялататын, әр күнін мағыналы өткізуге мүмкіндік беретін тамаша мекен. Оқушыларымыздың қуанышқа толы жүзін, түрлі іс-шараларға белсене қатысып жүргенін көріп, біз – ұстаздар қауымы, ерекше риза болып отырмыз. Бұл жерде әр баланың бойындағы талант ашылып, достық пен ұйымшылдыққа баулитын керемет орта қалыптасқан, - дейді аға тәлімгер Дина Досанқызы.
- Ұлым Еламан биыл «Тарбағатай» спорттық сауықтыру лагерінде демалып жатыр.Күн сайын әр түрлі спорттық жарыстар, теннис, дойбы, баскетбол ойындар өтіп жатыр.Күн сайын қызықты іс-шаралар өткізіледі.Асхана дәмді тағам түрлері көп. Жетекшілері мейірімді және сыпайы. Мен балаларын жайлы демалыс нысанына апарғысы келетін барлық ата-аналарды «Тарбағатай» лагеріне шақырғым келеді, -дейді ата-аналардың бірі Жазира Байтмакова.
- Біз жаздық демалысымызды «Тарбағатай» спорттық-сауықтыру лагерінде өткізіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Әр күніміз қызықты іс-шараларға толы, көңіліміз көтеріңкі. Сол себептен тәрбиешілер мен ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз – баланың қауіпсіздігі мен көңіл-күйіне ерекше мән беріп, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасап жатырсыздар. Осындай тамаша лагерь жұмысы үшін рақмет!, – дейді Жүзағаш орта мектебінің оқушысы Камила Муртазалиева.
Балаларға арналған бұл демалыс орны спорт, сауықтыру және туризм бағытында қызмет атқарады. Жас жеткеншектер үшін үшін асық ату, садақ ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Одан өзге баскетбол, волейбол, теннис, тоғызқұмалақ, футбол және дойбы ойын алаңдары жұмыс істейді.
Штаттық кестеге сәйкес лагерьде 1 директор, 1 аға тәлімгер, 2 тәлімгер, 1 музыкант, 1 инструктор және 1 медбике қызмет атқарады.