Семей қаласында алғаш рет «ABAY CUP 2025» халықаралық футбол турнирі өтті
Абай облысының орталығында «ABAY CUP» халықаралық футбол турнирі өтті. Аталған жарысты Абай облысы әкімдігі, Абай облысының футбол федерациясы, Абай облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ қатысушыларды өз алаңында қарсы алған «Елімай» футбол клубы бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирге 2014 жылы туған жасөспірім футболшылардан құралған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысты. Жалпы саны 8 команда бақ сынады. Қатысушы қалалар қатарында Семей, Өскемен, Бішкек, Ташкент, Абакан және басқа да қалалар бар.
Жарыс нәтижесінде: 1-орын — «Елімай» ФК (Семей, Қазақстан), 2-орын — «Атлетик» ФК (Абакан, Ресей), 3-орын — «Алтай» ФК (Өскемен, Қазақстан).
Турнир барысында үздік ойыншыларға жекелеген номинациялар бойынша марапаттар табысталды: «Үздік қақпашы» — Тамерлан Жұмабек («Елімай» ФК), «Үздік қорғаушы» — Мадияр Талғат («Алтай» ФК), «Үздік жартылай қорғаушы» — Тимофей Черемнов («Спартак-Юниор» ФК), «Үздік шабуылшы» — Богдан Сундeeв («Темп» ФК), «Үздік сұрмерген» — Абузар Мамадияров («Дордой» ФК), «Турнирдің үздік ойыншысы» — Вячеслав Побызаков («Атлетик» ФК), «Техникалық ойыншы» — Мухамедали Бегалиев («Чигатай» ФК), «Көрермен көзайымы» жүлдесі — Бауыржан Жасұлан («Жеңіс» ФК).
Турнир спорт мерекесіне, толассыз эмоция мен жаңа таныстықтарға айналды. Көптеген жас спортшылар үшін бұл — осындай ауқымды халықаралық жарыста алғаш рет бақ сынау мүмкіндігі болды.
Айта кетейік, турнир қазақтың Ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ өңірдің туристік және мәдени тартымдылығын арттыру. Осыған орай, турнир қонақтарына өңірдің тарихи нысандары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Жас спортшылар Абайдың музейіне, тарихи-өлкетану музейіне барды, Ертіс жағалауында серуендеді.