Cемей22°С
Ауа-райы
  • Абай24°С
  • Аягөз16°С
  • Ақсуат18°С
  • Бородулиха22°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов29°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар18°С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Мал азығын дайындау қарқынды жүріп жатыр

Кеше, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

2025-2026 жылғы қыстамаға дайындықты күшейту мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Ақсуат ауданына 128 мың тонна көлемінде мал азығы – шөп дайындау бойынша нақты тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар ауданда жүйелі түрде атқарылып жатыр.

Аудан шаруашылықтары бүгінгі күнге дейін суармалы егістіктен 23 мың тонна жоңышқа шөбін дайындап үлгерді. Әсіресе, Құмкөл және Ойшілік ауылдық округтерінің шаруашылық құрылымдары жоғары өнімділікке қол жеткізуде. Бұл өңірлерде жоңышқаның әр гектарынан орта есеппен 25-30 центнерден өнім алынып, рулондап қыстамаға әзірленуде. Қазіргі уақытта аталған округтердің шаруашылықтары жоңышқаның екінші орымына дайындалып, техникаларын жөндеуден өткізіп, шабынға сақадай сай отыр.

Алдағы уақытта табиғи шабындықтардан да шөп шабу жұмыстары басталмақ. Тамыз айының басынан бастап ауданның шабындық алқаптарында табиғи шөптерді шауып, жинау қолға алынады. Бұл жұмыстар қысқы мал азығы қорын қалыптастыруға қосымша серпін бермек.

Сәтбаев ауылдық округіндегі «Алтын – Алтай» шаруа қожалығы да бұл бағытта белсенділік танытып отыр. Қожалық иелігіндегі 50 гектар суармалы егістік алқапта көпжылдық құнарлы жоңышқаның бірінші орымы шауып алынып, шөп рулондалып жатыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аудан бойынша бірқатар шаруашылықтарға үлгі болуда.

Сол сияқты, Құмкөл ауылдық округіндегі «Алинұр» шаруа қожалығы да қыстамаға қажетті жоңышқа шөбін дайындау жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Қожалық шөп шабу науқанын ерте бастап, жоспарды мерзімінен бұрын орындауға күш салып келеді.

Аудан шаруашылықтары тек мал азығы дайындаумен шектелмей, егін және бақша өнімдерін жинау жұмыстарын да қатар жүргізуде. Атап айтқанда, Құмкөл ауылдық округіне қарасты «Бақыт», «Тілек», «Мұхтар» шаруа қожалықтары суармалы алқаптарда өсірілген көкөніс, қауын, қарбыз өнімдерін жинап алып, аудан орталығындағы базарлар мен дүкендерге тиімді бағада жеткізуде. Бұл ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізіп отыр.

Жалпы алғанда, Ақсуат ауданында мал азығын дайындау жұмыстары белгіленген жоспарға сай жүріп жатыр. Қыстамаға арналған азық қорын уақытылы және жеткілікті мөлшерде дайындау – алдағы қыс маусымын қиындықсыз өткерудің кепілі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив