Cемей13°С
Ауа-райы
  • Абай18°С
  • Аягөз19°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау20°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті17°С
  • Үржар21°С
538.54 628.31 6.7

Облыс әкімі Қытайдың Тарбағатай округының делегациясымен кездесті

Бүгін, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы, Тачен қаласының мэрі Чжи Сяньвэй бастаған делегациямен кездесті.

Кездесу барысында Тарбағатай округі мен Абай облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы өз сөзінде екі елдің көшбасшылары – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық шешімдері қазақ-қытай ынтымақтастығына берік негіз қалап бергенін атап өтті. Бүгінгі кездесудің Мемлекет басшысының Қытайдағы сапарымен тұспа тұс келгенін символдық мәні бар екенін айтты.

Абай облысының экономикасында Қытай аймақтарымен өзара іс-қимылдың үлесі зор. Мәселен, биылғы 7 айының қорытындысы бойынша облыстың тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларын құрап, жалпы сыртқы сауданың 85 пайызынан асты.

Мамыр айында облыс делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысып, 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойды.

«Біз Президентіміздің «Қытай Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болды және солай болып қала береді. Біздің ынтымақтастығымыз – шынайы достық, тату көршілік және өзара қолдаудың үлгісі» деген сөзін әрдайым басшылыққа аламыз. Сондықтан өз деңгейімізде, өңірлеріміз арасында осы сөздердің нақты жүзеге асуына үлес қосады деп сенеміз. Біздің ортақ мүддемізге қатысты маңызды жобалардың бірі – «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы. Кеше ғана Бейжің қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы мен «Чайна Коммюникэйшнс Констракшн» компаниясының президенті кездесті. Сол келіссөздерде бұл жоба жан-жақты талқыланып, оның іске асырылу барысы бойынша нақты міндеттемелер қабылданды. Теміржол желісінің стратегиялық маңызы зор. Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты күшейтіп қана қоймай, бүкіл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады. Бұл бірінші кезекте Абай облысы мен Таченнің сауда қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Біздің өзара диалогымыз жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Абай облысы мен Тарбағатай округы – географиялық көршілер ғана емес, сенімді серіктестер. Сіздің осы сапарыңыз екі өңір арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің нақты қадамы болады деп сенемін. Біз болашақта өз делегациямызбен сіздің өңіріңізге барып, тәжірибе алмасуға және даму бағыттарын бірлесіп талқылауға дайынбыз», – деді облыс әкімі.

Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй «Аягөз-Тачен» темір жол желісі мен Бақты кеден бекетінің өткізу пунктінің құрылысын жандандыруға, Алакөлде туризмді дамытуға, екі өңір арасындағы сауда-саттықты жолға қоюға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

«Делегация құрамында отызға жуық ірі компания өкілдері бар. Олар Абай облысына инвестиция құюға дайын. «Аягөз-Тачен» темір жол желісі бойынша бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Алакөлде қысқы туризмді дамытқымыз келеді. Бүгінгі кездесу Тарбағатай округі мен Абай облысы арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Сізді Тачен қаласына іссапармен келуге шақырамын» деді Тачен қаласының мэрі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив