«Қарағанды – Семей – Қарағанды» бағытында әуе рейсі ашылды
Семейден еліміздің ірі қалаларына қатынайтын әуе рейстерінің саны артып келеді. 23 қыркүйектен бастап «Қарағанды – Семей – Қарағанды» бағытында сыйымдылығы 50 орындық «Bombardier CRJ200» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастады. Субсидияланған рейсті «SCAT» әуе компаниясы жүзеге асырады. Жолаушылар аптасына 2 рет – сейсенбі және бейсенбі күндері қатынайтын болады. Билет бағасы – 15 000 теңге.
Жаңа бағыттың ашылуы тұрғындарға қолайлы әрі қолжетімді бағада сапарлауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Семей қаласынан «Семей – Алматы», «Семей – Астана», «Семей – Үржар», «Семей – Қарағанды» бағыттары бойынша әуе рейстері орындалуда. Аталған рейстерді «FlyArystan», «Оңтүстік аспаны», «SCAT» әуе компаниялары жүзеге асырып келеді.
Айта кетейік, республикалық бюджеттен субсидияланатын жаңа бағыт Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің және Абай облысы әкімдігінің қолдауымен ашылып отыр.