ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді трансформациялау және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Өз сөзінің басында вице-министр цифрландырудың қол жеткізген жоғары деңгейі туралы еске салды.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 45 түрінің 43-ін (немесе 95%) электрондық форматта, ал олардың жартысынан көбін – 23-ін проактивті форматты алу мүмкіндігі бар. Бұл ретте өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген 13,8 млн мемлекеттік қызметтің 81%-ы электрондық форматта жүзеге асырылды», – деп бөлісті Ербол Оспанов.
Сондай-ақ, ол биылғы 1-тоқсанда барлығы 3,4 млн. мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде 2,4 млн. электрондық қызмет немесе көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы санының 85 %-ын құрағанын хабарлады. Қызметтердің 11% проактивті форматта көрсетілді.
«Жалпы, мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа көшіру –әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі. Қазір осы формада электрондық қызметтердің 51%-ы іске асырылған және жыл ішінде біз бұл көрсеткішті 60%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деп толықтырды вице-министр.
Ербол Оспанов сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және реинжиниринг барысы туралы айтты. Наурыз айының соңында «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақыны автоматты түрде тағайындау жүзеге асырылды.
«Қызмет көрсету мерзімі 7-ден 1 жұмыс күніне дейін қысқарды. Адами фактор толығымен алынып тасталды. Бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ өкілдері мен аумақтық департаменттердің қызметкерлері қатысатын еді. Биылғы 11 сәуірдегі жағдай бойынша 450 көпбалалы анаға автоматты түрде жәрдемақы тағайындалды. Осы қағида бойынша басқа да қызметтер бойынша жұмысты жалғастыру жоспарлануда», – деді ол.
Бұдан басқа тұрақты негізде халықтың, оның ішінде екінші деңгейдегі банктермен (бұдан әрі – ЕДБ) бірлесіп қызметтер алу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, өткен жылдың соңына қарай бірқатар ЕДБ мобильді қосымшаларында 6 түрлі қызмет іске асырылды, оларды 2022 жылы 347 мыңнан астам азамат пайдаланды.
«Ақпан айында ЕДБ мобильді қосымшаларында тағы бір, яғни зейнетақы мен жәрдемақы төлеу бойынша ақпарат беру қызметы қолжетімді болды. 2-тоқсанда тағы 2 қызметті шығару жоспарлануда: көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер», – деді Ербол Оспанов.
Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландырудағы міндеттердің бірі өтініш берушіден мемлекеттік қызметтер көрсетудің айқындау сипатына көшу және халықтың қажеттіліктерін уақтылы қанағаттандыру болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізудің негізгі құралы Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) болып табылады.
Бүгінгі күні ОЦК-да мемлекеттік органдардың дерекқорынан алынған ақпарат негізінде Қазақстанның барлық азаматтары туралы мәліметтер қамтылған.
«2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ОЦК-да жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі ұсынылды. Олар баланың тууы бойынша, бала күтімі бойынша, мүгедек бала күтімі бойынша, жұмыссыздық бойынша, асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар, көпбалалы отбасылар «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға, АӘК, зейнетақы төлемдері. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 78 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызметтер көрсетуге келісім алу үшін тиісті SMS-хабарламалар жолданды. Бүгінгі таңда 6,6 мыңға жуық адам тиісті қызмет алды», – деді ол.
Сөз соңында Ербол Оспанов мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы еске салды, ол еліміздің барлық 20 өңірінде іске қосылды.
«Осы жоба шеңберінде өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінеді, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен адамның қатысуынсыз өтеді, яғни адамға емханадан басқа ешқайда барудың қажеті жоқ. Өткен жылы сырттай куәландыру бойынша 57,1 мың өтінім қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 22,7%-ын құрайды», – деп түйіндеді Ербол Оспанов.