Облыс әкімі Аягөз қаласындағы қазандықтардың жылу маусымына дайындығын тексерді
Аймақ басшысы аудан орталығындағы «Орталық» қазандығында жүргізілген жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Жылу қазандығы қаладағы 64 көп қабатты тұрғын үйді, 2 әлеуметтік нысанды, 5 бюджеттік ұйым мен 183 коммерциялық кәсіпорынды жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы абоненттер саны – 1678.
Биыл Аягөз қаласындағы ең үлкен жылу беру нысанындағы үш негізгі агрегатты жаңартып, қуаттылығын ұлғайтуға көңіл бөлінді. №3 қазандықтағы күрделі жөндеу толық аяқталды. 22 қыркүйектен бастап іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда осы қазандық арқылы қала тұрғындарына жылу беріле бастады. №2 қазандықтағы жөндеу жұмыстары 90% орындалды. Іске қосу, реттеу жұмыстары 15 қазанға жоспарланған.
Жөндеу барысында үш негізгі қазандықтың агрегаты ауыстырылып, автоматика және қауіпсіздік жүйелері жаңартылып жатыр. Сонымен қатар қазандықтарға мониторинг және бақылау жүйелері орнатылатын болады. Жаңартудан кейін қазандықтың қуаты бұрынғыға қарағанда үш есеге артады. Бұл қосымша тұрғын үйлерді және жаңа бизнес нысандарын орталық жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді
Облыс әкімі Берік Уәли жылу қазандығын аралап, атқарылған жұмыстарды көрді.
Аймақ басшысы Аягөз қаласындағы жылу желілерінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын да көрді. Жоба аясында тозығы жеткен қалаішілік жылу трассаларының 5,2 шақырымын ауыстыру жоспарланып отыр.