Абай облысында әкімдік отырысы өтті
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың 9 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және облыстық бюджеттің орындалуы қаралды. Отырысқа қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары, олардың орынбасарлары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Роза Құдайбергенқызы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев, қаржы басқармасы басшысының орынбасары Әйгерім Думанқызы, Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев, Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров, Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баяндады.
Биылғы жылдың 9 айында облыста экономиканың барлық саласында дамудың оң өсімі сақталды. Өсім көлік саласында 123,4%, байланыста 106,4%, ішкі саудада 105,9%, инвестицияда 103,1%, ауыл шаруашылығында 102,8% қамтамасыз етілді.
Инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,1%-ға өсіп, 364,5 млрд теңгені құрады. Облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 339,5 млрд теңгеге жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Өңдеу саласына салынған инвестиция көлемі 137,8% артып, 29,6 млрд теңгеге жетті.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға өсіп, 55,9 мың бірлікті құрады. Биылғы жылдың 2 тоқсанында шағын және орта бизнес субъектілерімен шығарылған өнімдерінің көлемі 14,2%-ға өсіп, 562,3 млрд. теңгеге өнім өндірілді.
Облыста қала және аудан әкімдерінің қызметін рейтингтік бағалау әдістемесі бекітілді. Рейтинг 72 индикаторды қамтитын 9 бағыттан тұрады. Оның қорытындысы бойынша Курчатов қаласы мен Абай, Көкпекті аудандары алғашқы үштіктен көрінді. Ал Семей қаласы, Аягөз, Мақаншы және Жарма аудандары соңғы орындарды иеленді.
Жиында өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, сумен жабдықтау, құрылыс салаларында көрсеткіштердің төмендегені атап өтілді. Аймақ басшысы салаға жауапты орынбасарларына, аппарат басшысына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына Үкімет белгілеген міндеттерді уақтылы жүзеге асыруға, өңірде тұрақты өсімді сақтауға қатысты нақты тапсырмалар берді. Құрылыс қарқынын арттырып, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін ұлғайтып, арнайы қордан қаржысы қаралған жобаларда жұмыстың уақытында атқарылуын және қаражаттың толық игерілуін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтты.










