Cемей19°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
485.4 550.69 6.41

Абай ауданының келіні «Аяулы жас келін – 2025» облыстық байқауында бас жүлде иегері атанды

25-07-2025, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ерекше тағылымды шара – «Аяулы жас келін – 2025» облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Шараны «Абай жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып, оған Абай облысының барлық аудан-қалаларынан жас келіндер қатысты.

Байқаудың басты мақсаты – қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін, отбасы құндылықтарын, келін тәрбиесінің мәні мен маңызын насихаттау, инабаттылық пен ибалықты дәріптеу болды. Қатысушылар өз өнерін, отбасындағы татулық пен сыйластықты сақтау жөніндегі көзқарасын және ұлттық тәрбиені ұстану үлгісін көрсетті.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Онда келіндер ұлттық тағам әзірлеудегі шеберліктерін, қолөнер мен сәндік бұйым жасаудағы икемділіктерін, сонымен қатар өз өңірінің дәстүрлері мен салттарын таныстыруда тапқырлықтарын көрсетті. Әр қатысушының сөйлеу мәдениеті, инабаттылығы мен отбасылық құндылықтарды ұстанудағы көзқарасы әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Нәтижесінде Абай ауданынан қатысқан үлгілі жанұя келіні, көп балалы ана Ахметова Әсел Ерланқызы барлық кезеңдер бойынша үздік нәтижеге қол жеткізіп, бас жүлдені жеңіп алды. Оның отбасындағы татулық пен сыйластыққа негізделген өмірлік ұстанымы, дәстүрге адалдығы мен келіндік өнегесі көпшіліктің көңілінен шықты.

Жеңімпазға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықтар табысталып, ауданның мерейін асырған Әсел Ерланқызын көпшілік ыстық ықыласпен құттықтады.

Осындай байқаулар ұлттың ұйытқысы саналатын қазақ келіндерінің мәртебесін көтеріп, жас ұрпаққа үлгі болар өнегелі дәстүрлерді насихаттауға жол ашады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив